Мақсатымыз – әділдік, парасаттылықты дәріптеу

16

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының өз деңгейінде орындалуының айқын бір дәлелі – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс- қимыл агенттігінің жанынан құрылған ақпараттық ағартушылық штаб.

Бүгінгі таңда  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселесі қоғамда жергілікті өзін-өзі басқару органдарының тиімділігі мен дамыған азаматтық қоғамды қалыптастырумен тығыз байланысты. Сондықтан да Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының маңызды басымдығының бірі – сыбайлас жемқорлықты жою. Осы орайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевтың шешімімен 2019 жылдың 28 қарашасында еліміздің барлық облыстарында халықты ауқымды қамтуды қамтамасыз ету үшін өңірлік ақпараттық-ағартушылық штабтар жұмысын бастады.

Негізгі мақсат- кеңейтілген ақпараттық жұмыс арқылы сындарлы диалог құру және парасаттылық қағидаттарын дамыту. Штаб халықтың түрлі топтары үшін түрлі тәсілдерді қолдана отырып, кездесулер өткізуді көздейді.  Сонымен қатар облыс тұрғындары, жұртшылық арасында парасаттылық, ізгілік, адалдық пен адамгершілік, ұлттық құндылықтарды насихаттау, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, халықтың құқықтық сауаттылығын, сыбайлас жемқорлықты жою жолында қоғам белсенділігін арттыру.

Біздің мақсатымыз – әділдік, парасаттылықты дәріптеу. Осы орайда ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға бағытталған «әділдік», «парасаттылық», «сенім» қағидаларына сүйенген, тәрбиелік маңызы зор жаңа бастамалар қоғамда қызу қолдау тауып жатыр. Себебі заң бұзушылыққа қарсы сана қалыптасқан жағдайда ғана адам адамгершілікке, парасаттылыққа, мәдениеттілікке жат қылықтардан өзін аулақ ұстайды, заңсыз әрекеттерді жасауға жол бермейді. Әсіресе, жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениеттің қалыптасуы үшін жас ұрпақ сыбайлас жемқорлықты елдің дамуын тежейтін аса қауіпті қоғамдық дерт деп тануы тиіс. Және бұл жұмысты мектепке дейінгі бала тәрбиесінен бастаған дұрыс екеніне көзіміз жетті. Сыбайлас жемқорлыққа деген төзбеушілік әрбір қазақстандықтың азаматтық ұстанымына, ал адалдық пен парасаттылық мінез-құлық нормасына айналуы керек.

Қасымхан ТӨЛЕНДИЕВ,

Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі