Саясат

Мемлекет басшысы QazaqGaz басқарма төрағасын қабылдады

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Мемлекет басшысына компанияның өткен жылы атқарған қызметінің нәтижелері және газ саласында іске асырылған негізгі жобалар жөнінде баяндалды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Әлібек Жамауов газ тұтыну көлемінің артып келе жатқанын және газ өңдеу зауыттарының әлеуетін еселеу қажет екенін ескере отырып, геологиялық барлау мен құрылыс жұмыстарын жандандыруға баса назар аударылғанын айтты. Газ инфрақұрылымын кеңейтуге, соның ішінде Астана қаласы мен агломерациясын көгілдір отынмен қамтамасыз етуге басымдық беріледі.

Президентке былтыр табиғи газға 400 мыңға жуық тұрғыны бар 112 елді мекен қосылғаны жөнінде айтылды.

Талдықорған – Үшарал газ құбырының іске қосылуы өткен жылдың ең айтулы оқиғаларының бірі саналады. Бұл жұмыс межеленген мерзімнен 1 жыл 4 ай бұрын аяқталды. Аталған газ құбыры Жетісу облысындағы 84 елді мекенді көгілдір отынмен қамтамасыз етіп, өңірдегі газдандыру деңгейін 76 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Бұдан бөлек, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыру, соның ішінде «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистральды газ құбырының екінші желісін тарту, Қашағанда жылына 1 миллиард текше метр газ өңдейтін зауыт салу барысы жайында баяндалды.

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша газ саласының ресурстық базасын дамыту үшін Жамбыл облысындағы «Малдыбай» кен орнында жұмыс жүргізіліп жатыр. Амангелді тобының құрамындағы «Бархан» кен орны іске қосылды.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа цифрлық шешімдерді енгізу жайында мәлімет берілді. Aqyl Energy бастамасы аясында заманауи технологияларды, жасанды интеллект элементтері мен деректерді талдауды қолдана отырып, газ құбырын есепке алу және басқару үдерісін цифрландыру жұмыстары жүргізілді.

Кездесу соңында Президент тұрғындар мен өндіріс ошақтарын жылыту маусымында газбен тұрақты қамтамасыз ету шараларын жалғастыруды тапсырды. Сондай-ақ цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні енгізуге және газ саласының ресурстық базасын нығайтуға қатысты міндеттер жүктеді.