Мемлекет басшысы Садыр Жапаровты "Алтын Қыран" орденімен марапаттады
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді
Мемлекет басшысы Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровты "Алтын Қыран" орденімен марапаттады, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев марапаттау рәсімінде Садыр Жапаровты қырғыз халқын алға бастап келе жатқан нағыз көшбасшы, білікті саясаткер деп білетінін айтты.
Мемлекет басшысы Қазақстанда бір туған бауырлас ел ретінде Қырғызстанның барлық жетістіктеріне шын жүректен қуанатынын жеткізді.
Садыр Жапаров Қазақстан Республикасының жоғары мемлекеттік наградасымен марапаттағаны үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа және қазақ халқына алғыс айтып, мұны Қырғыз еліне көрсетілген сый-құрметтің белгісі ретінде қабыл алғанын жеткізді.
Сондай-ақ бұл екі елдің стратегиялық серіктестігі мен одақтастығының жоғары деңгейін айқындайтынын атап өтіп, уақыттың барлық сынынан өткен ынтымақтастықтың алдағы кезеңде де нығая беретініне сенім білдірді.