Саясат

«Мемлекет міндетіне салғырт қарағандарға кешірім жоқ»

«Мемлекет міндетіне салғырт қарағандарға кешірім жоқ»

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс қимыл кезеңі» атты Жолдауын түсіндіру бойынша ақпараттық жұмыстың барысы, мемлекеттік көрсетілетін қызметтің сапасы, облыстағы білім беру нысандарындағы құрылыс жұмыстарының жай-күйі қаралды.

Ақпараттық түсіндіруде ағаттық көп

Жиында баяндама жасаған облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Дауыл Бейсенқұловтың айтуынша, құрамында 112 мүшесі бар 11 облыстық ақпараттық топ (409 мүшесі бар 75 ақпараттық топ қала, аудандарда жасақталды) құрылған. Топ мүшелері Жолдау жарияланғаннан бастап елді мекендерге 2 мәрте шығып, халықпен кездесулер өткізіпті. Кездесулер барысында ауыл тұрғындары тарапынан 100-ге жуық сұрақтар мен өзекті мәселелер көтерілген. Жолдауды ақпараттық сүйемелдеу жұмыстары да бекітілген медиа-жоспар бойынша жүргізілуде екен.

«Президентке үндеу жариялау дәстүрге айналды»

Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек баяндама жасады. Баяндамашының айтуынша, биыл да мемлекеттік көрсетілген қызмет сапасында кері динамика қалыптасқан. ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бағалау нәтижелеріне кері әсерін тигізген кемшіліктер – көрсетілетін қызмет сапасына шағымдану, мерзімін бұзу, статистикалық мәліметтерін сапасыз ұсыну және өзге де фактілер.

Ағымдағы жылдың 9 айында облыстың жергілікті атқарушы органдарына жеке және заңды тұлғалардан барлығы 31 357 өтініш түскен. Өтініштердің 7566-ы қанағаттандырылған, 1801-і қанағаттандырудан бас тартылған, 21 809-не түсініктемелер берілген, 181-ін қарау тоқтатылған. Есепті кезеңде жеке және заңды тұлғалардың 1655 өтініші бақылауға алынып, орындалған. Қалған «бақылауда емес» 1209 өтінішке тиісті жауаптары берілген. Ал облыс әкімі аппаратына жоғары тұрған органдардан 315 өтініш келіп түсіпті.

«Мемлекет міндетіне салғырт қарағандарға кешірім жоқ»

Аппараттық кеңесте соңғы айларда ең жиі көтерілген мәселе – білім нысандарының құрылыс жұмыстары. Өкінішке қарай жиында құрылыс жұмыстарына жауаптылардың осы уақытқа дейінгі сыннан нәтиже шығармағаны белгілі болды. Облыс әкімдігінің білім басқармасының басшысы Гүлнәр Ходжабергенованың айтуынша, жыл соңына дейін 7 білім нысаны пайдалануға берілуі тиіс екен.

Жамбыл ауданы, Жамбыл ауылындағы 100 орындық орта мектеп, Қордай ауданы, Күнбатыс-2 ауылындағы 150 орындық, Қалғұты ауылындағы 180 орындық мектеп, Меркі ауданы, Гранитогорск ауылындағы 120 орындық орта мектептің құрылысы аяқталмаған. Тіпті Қордай ауданы, Күнбатыс ауылындағы және Қалғұты ауылындағы мектептердің құрылысы биыл аяқталмау қауіпі бар көрінеді.

Жиын барысында аталған құрылыс нысандарының мердігерлері – «Тараз Құрылыс Инвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрылтайшысы Әлімбек Жұмабаев, «Строители Века» серіктестігінің прорабы, «Тараз Ирригация» серіктестігінің директоры Сулейменходжа Мадаминов, «Шұғыла-2002» серіктестігінің директоры Сұлтан Битемиров, «Теберда СтройСервис» серіктестігінің директоры Ғалымжан Қожахметов, «Темир-Строй Сервис и Ко» серіктестігінің директоры Ғабит Ниетқалиев, «Талас құрылыс» серіктестігінің директоры Әсет Ақатаев сөз алып, енді ешқандай мәселе туындамайтынын, көрсетілген уақытында аяқтайтындарын айтып уәде берді.

Талғат НҰРХАНОВ