НАТО Бас хатшысы: Путин Стамбұлға өзі келмей, қателік жасады

Ресей президенті Владимир Путин Украина өкілдерімен Стамбұлда өтетін келіссөздерге өзі барудан бас тартып, қателікке жол берді.
Бұл туралы 16 мамырда Албания астанасы Тиранада өткен Еуропалық саяси қауымдастық саммитінің кулуарында НАТО бас хатшысы Марк Рютте мәлімдеді, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Ол қазіргі жағдайда келіссөздердің тағдыры Путиннің шешіміне байланысты екенін атап өтті. Сондықтан да негізгі қысым Ресей басшысының өзіне түсіп отыр.
Еуроодақтың сыртқы саясат жөніндегі басшысы Кая Каллас та бұл саммитте сөйлеп, Путин Украинамен бейбіт келіссөздерде өз пайдасын көздеп отыр, шынайы тұрақты бейбітшілікке мүдделі емес деген пікір айтты.
Зеленский Путинмен кездесуге дайын екенін мәлімдеген
Мамырдың 15-інде Стамбұлда тікелей келіссөздер өткізу туралы ұсынысты Ресей президенті бес күн бұрын өзі білдірген. Украина президенті Владимир Зеленский келісім беріп, алайда келіссөздерге тек Путиннің өзі қатысса ғана келетінін жеткізген. Ал Дональд Трамп 14 мамырда өзінің Стамбұлдағы келіссөздерге қатысуы мүмкін екенін меңзеген.
Алайда Путин Стамбұлға келмей, делегацияны Владимир Мединский басқаруына қалдырды. Зеленский болса Украина делегациясын Қорғаныс министрі Рустем Умеров басқаратындығын айтты. Дональд Трамп та келіссөздерге қатыспайтынын, бірақ Путинмен жеке кездесу мүмкіндігі туса, дайын екенін мәлімдеді. АҚШ мемлекеттік хатшысы Марко Рубионың айтуынша, тек Трамп пен Путин арасындағы тікелей кездесу ғана нақты ілгерілеуге алып келуі мүмкін.
Ресей мен Украина арасындағы келіссөздер 16 мамыр күні Стамбұлдағы Долмабахче президенттік сарайында басталды. Келіссөздер алдында Рустем Умеров Ресей тарапынан 30 күндік атысты тоқтату, ұрланған украиналық балаларды қайтару және әскери тұтқындармен алмасу шарттары орындалса, бейбітшілікке қол жеткізуге болатынын айтты.