Nur Otan-нан кейін екінші орында. ҚХП Мәжіліске 113 үміткерін тіркеді

0 77

 Бүгін Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауына «Қазақстан халық партиясының» партиялық тізімін тіркеді.

Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңның 89-бабына сәйкес бір саяси партиядан тізімге енгізілген адамдардың саны саяси партиялар арасында бөлінетін депутаттық мандаттардың белгіленген санынан 30 пайызға аспайтын бір ғана тізімді тіркеуге жол беріледі.Партиялық тізімде әйелдер мен 29 жасқа толмаған адамдардың саны оған енгізілген адамдардың жалпы санының кемінде 30 пайызын құрауға тиіс. «Қазақстан халық партиясының» партиялық тізімінде 113 адам бар. 41 әйел және 29 жасқа толмаған адамдар енгізілген. Бұл тізімге енгізілгендердің жалпы санының 36,2 пайызын құрайды, — дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Асылбек Смағұлов.

Оның айтуынша, уәкілетті органдар ұсынған мәліметтер негізінде Орталық сайлау комиссиясы Мәжіліс депутаты болып сайлану үшін «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімге енгізілген адамдардың Конституция мен «ҚР сайлау туралы заңы» талаптарына сәйкестігіне тексеру жүргізді.

«Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің партиялық тізімге енгізілген барлық тұлғалар Конституция мен «ҚР сайлау туралы заңы» талаптарына сай келеді.Осыған байланысты, Ортсайлауком мүшелері «Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауында «Қазақстан Халық партиясы» қоғамдық бірлестігінің  партиялық тізімін тіркеу туралы» қаулы қабылдады, — дейді Асылбек Смағұлов.

Сөйтіп, сайлауға қатысатын партиялардың барлығы ресми түрде кандидаттарын тіркеп үлгерді. Бұған дейін Nur Otan-нан 126, «Ақ жолдан» 38, Adal-дан 16, «Ауылдан» 19 кандидат ұсынылған. Демек, Мәжіліске ұсынған кандидаттары саны жөнінен «Қазақстан халық партиясы» екінші орында.

baq.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.