Саясат

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына дайындық мәселелері талқыланды

Парламент Мәжілісі мен мәслихаттар сайлауына дайындық мәселелері талқыланды

Ағымдағы жылдың 21 қазанында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісі депутаттарының сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойды. Орталық сайлау комиссиясының қаулысымен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарын сайлау тағайындалды.

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында өңірдегі сайлауды сапалы және уақытылы өткізудін дайындық мәселелері қаралды. Алдағы сайлау конституциялық мерзімде, 2021 жылдың 10 қаңтар күні өтеді.

Облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Серғали Айдапкелов сайлау науқанының негізгі кезеңдеріне, сайлау комиссияларының сайлауға дайындық пен оны өткізу жөніндегі өкілеттіктеріне, аумақтық сайлау комиссияларының міндеттеріне тоқталды.

Облыс бойынша 492 сайлау учаскесі жұмыс істейді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Қанатбек Мәдібек олардың 94,9 пайызы интернетпен, 77,2 пайызы - бейнекамералармен, 93,5 пайызы - пандустармен қамтамасыз етілгенін айтты.

Аймақ басшысы барлық учаскелердің жүз пайыздық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Аудан әкімдеріне санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың қатаң сақталуын   бақылауды қамтамасыз ету жүктелді.

Ол сайлау процесінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында сайлау науқанын ақпараттық сүйемелдеуге айрықша назар аударуды тапсырды.

Алдағы мәслихаттар сайлауы алғаш рет партиялық тізімдер бойынша өтпек.

Сондай-ақ, алғаш рет заңнамалық деңгейде парламенттік оппозиция секілді ұғым енгізіліп, партиялық тізімдерде әйелдер мен жастарға арналған 30 пайыздық квота анықталып отыр.

Бердібек Сапарбаев бақылаушыларға қолайлы жағдай жасауды, қоғамдық бақылауды күшейтуді, үкіметтік емес ұйымдарды тартуды тапсырды.