Сот істерді онлайн қарауда

Заң

0

Әлемді шарпыған COVID-19 барлық салаға кері әсерін тигізіп, жағдайды жұмыс бағыттарын өзгертті. Көптеген кәсіпорындардың жұмысы тоқтады. Қоғамдық орындардың жұмыс істеуіне шектеулер қойылды. Өз кезегінде карантин кезіндегі адамдардың мәжбүрлі түрде өзін-өзі оқшаулауы әдеттегі өмір салты мен үдерісінің бұзылуына, достарымен уақыт өткізу мүмкіндігінің болмауына, серуенге шығуға тыйым салуға әкеліп соқты. Талапқа бағынғысы келмегендер тәртіп бұзып, оның соңы құқықбұзушылыққа ұласып жатыр. Жалпы тәртіп бұзғандар заң шеңберінде жауапқа тартылады. Вирустың таралмауын бірінші кезекке қойып отырған өңірдегі сот жүйесінің мамандары да қазіргі таңда ондай істердің барлығын онлайн қарап, азаматтарға заң алдындағы тиісті жаза тағайындап жатыр. Дегенмен олар үшін тұрғындардың денсаулығы мен өмірі бастапқы орында.

Мәселен аймақтағы қылмыстық істердің басым көпшілігі қаралатын Тараз қалалық №2 соты төтенше жағдай кезінде процесске қатысушылардың сотқа баруын шектеп, эпидемиологиялық жағдайға байланысты қылмыстық істер мен материалдарды 100 пайыз онлайн режимінде қарап, сот процестерін «WhatsАpp», «TrueConf» секілді мобильдік қосымшалардың көмегімен қашықтықтан қарап жатыр. 2020 жылдың 15 наурызынан бастап төтенше жағдай жариялануына байланысты, істер мен Қазақстан Республикасы Қылмыстық процессуалдық кодексінің 476-бабы бойынша материалдар қашықтықтан қаралады. Бүгінгі таңда 195 іс, 1073 материал қашықтықтан қаралған. Тараз қалалық №2 соттың төрағасы Низамиддин Жамашовтың айтуынша, кіріс кеңсесінің жұмысы «Сот кабинеті» сервисі арқылы қашықтықтан қызмет көрсету жүйесі арқылы жұмыс істеп, келіп түскен құжаттар электрондық форматта уақытылы тіркеледі екен. Ал соттың қызметкерлерінің денсаулық жағдайы күнделікті тексеріліп, яғни сот ғимаратына кірер алдында дене қызуын өлшеп, арнайы ерітіндімен қолды өңдеп, медициналық бетперде тағып, жеке қорғаныс құралдарының болуы сияқты сақтық шараларын әлі күнге дейін міндетті түрде қолданып келеді.

Сот қызметкерлерінен әлеуметтік қашықтықты сақтауға, қоғамдық орындарда және көпшілік жиналатын орындарға бармауға,  кабинетте үш адамнан артық жиналмауға, аса шұғыл қажеттіліксіз қызметкерлер арасында байланысты болдырмауға және сот қызметкерлеріне қойылатын талаптар бұрынғыдай қалатыны және өздеріне тағылған міндеттерін жауапкершілікпен орындау талап етіледі. Пандемия кезінде сот төрелігін жүзеге асыру қызметі бойынша қылмыстық істерді қарау статистикасының салыстырмалы мәліметтеріне тоқталсақ, 2019 жылдың 6 айында сот өндірісіне келіп түскен қылмыстық істердің жалпы саны 489-ды құраса, 2020 жылдың 6 айында 388 қылмыстық іс, яғни 100 іске кем түсіп отырғанын көреміз. Сонымен қатар медиация тәртібімен тараптардың татуласуына байланысты сотқа дейінгі процесс барысында осы жылы 58 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қысқартылған болса, өткен жылы 61 тұлғаға қатысты қылмыстық іс қысқартылған, – дейді Низамиддин Қазыбайұлы.

Сондай-ақ ағымдағы жылдың басынан бері сотталған 292 тұлғаның 57-сіне айыппұл түріндегі жаза тағайындалған. Салынған айыппұлдың жалпы сомасы  33 миллион 672 мың 981 теңге, оның ішінде 24 миллион 874 мың 839 теңге көлеміндегі айыппұлды азаматтар өз еркімен төлеген. Ендігі қалғаны 8 миллион 642 мың 862 теңге. Бір айта кетерлігі, осы жылдың 6 айында сыбайлас жемқорлық қылмыстары бойынша 13 тұлға сотты болған, оның ішінде 7 сотталушыға айыппұл салу түріндегі  жаза тағайындалған, салынған айыппұлдың жалпы сомасы 31 миллион 220 мың 280 теңге, оның 24 миллион 308 мың 750 теңгесі төленсе, сот үкімі әлі заңды күшіне енбеуіне байланысты 6 911 530 теңге көлеміндегі айыппұл әлі төленбеген екен.

Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.