Саясат

Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру мәселесі талқыланды

Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру мәселесі талқыланды

Облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапараевтың төрағалық етуімен өткен жиында Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру мәселесі талқыланды. Жиында алғы сөзімен ашқан Бердібек Машбекұлы бұл түйткілмен облыстық «ARAI» газетіне жарияланған мақала арқылы таныс болғанын жеткізді. Өңір басшысы қаланы аралау кезінде де ирригациялық жүйелердің қазірдің әлеуетімен танысқанын айтып, мәселенің өзектілігіне назар аударды.

– Тараз қаласы аумағында 1 өзен, 8 канал бар. Бұл үлкен мүмкіндік. Әрі қаланың ирригациялық жүйелері де өзге өңірлермен салыстырғанда жақсы. Бұл бағытта ауқымды жұмыстар қолға алынды. Қала ішіндегі арық-атыздарды тазалаумен 4 мердігер компания айналысып жатыр. Әйтсе де қаланы аралау кезінде арық-атыздарды бөгеп үй салу, қосымша шаруашылық нысандардың құрылысын жүргізу фактілерін байқадым. Сондықтан ирригациялық жүйелерді жетілдіруде әлі де халықпен тығыз байланыс орнату қажет. Бұл орайда арнайы жұмысша топ құрылды. Аталмыш топ ирригациялық жүйелердің жетілдіру бойынша есептеулер, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді,– деді Б.Машбекұлы. Ал су шаруашылығын ардагері Берік Нұрғалиев қаланың ирригациялық жүйелерін дамытуда каналдарды жеке меншіктен коммуналдық меншікке алу, қаланың бас гидроинженері қызметін қайта қалпына келтіру туралы ұсынысын ортаға салды. Өз кезегінде Тараз қаласының ирригациялық жүйелерін жетілдіру бойынша құрылған жұмысшы топ жетекшісінің орынбасары, облыс әкімдігі табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Аслан Оразбеков те алдағы жұмыстың жоспарын баяндады. Облыс әкімінің орынбасары Берік Нығмашев жетекшілік ететін жұмысшы топтың мүшелігіне құқық қорғау, жергілікті атқарушы орган басшыларымен бірге қоғамдық ұйымның өкілдері дер кірген. Олар айына бір мәрте бас қосып, атқарылған жұмыстың есебін беріп отырады.

Шынболат Күзекбаев