Саясат

Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі

Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі мәлімдеді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Орталық Азия – Жапония» диалогының бірінші саммитінде сөз сөйледі, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Мемлекет басшысы бүгінгі тарихи кездесуді ұйымдастыруға бастамашы болғаны және қонақжайлық танытқаны үшін Жапония Премьер-министрі Санаэ Такаичиге алғыс айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, мұндай саммиттер Орталық Азияның халықаралық деңгейдегі орны күшейіп, жаһандық үдерістерде маңызды рөл атқара бастағанын көрсетеді. 

Жиында Мемлекет басшысы ғылыми-техникалық және технологиялық прогресте көш бастап келе жатқан Жапонияның әлемдік экономикадағы жетістіктеріне назар аударды.

Сондай-ақ жан-жақты халықаралық ынтымақтастық орнатуда зор әлеуетке ие Орталық Азия дамудың даңғыл жолына түскенін атап өтті. 

Президент Қазақстан Жапониямен бірлескен жобаларды табысты жүзеге асыру үшін барлық қажетті жағдайды жасауға, қолайлы инвестициялық орта қалыптастыруға дайын екенін айтты. 

Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ-жапон ықпалдастығының перспективті бағыттарына тоқталды.