Жамбылда жүйелі жұмыстар жалғасын табуда

23

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өткен жылдың 2 қыркүйегінде Қазақстан халқына арнаған Жолдауында мемлекеттік органдар алдына маңызды міндеттер қойды. Соның бірі — тұрғындардың мұң-мұқтажына жедел назар аудару, тұрғындармен кері байланыс орнату. Яғни, халықтың қажеттілігіне уақытында шұғыл көңіл бөлу, ашықтық, диалогқа дайын болу мемлекеттік органдар қызметінің негізгі басымдығы болуы керектігін баса айтты.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы атап өткен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыру және мемлекеттік органдардың ашықтығы мен жариялылығын қамтамасыз ету мақсатында Жамбыл ауданында нәтижелі жұмыстар жүргізілуде. Тұрғындармен кері байланыс, қоғаммен ашық қарым-қатынас жасау жұмыстары жүйелі жолға қойылған. Атап өтер болсақ, тұжырымдама негізінде қолға алынған «Әкім сағаты» жобасы бүгінге дейін 17 мәрте өткізіліп, тұрғындар тарапынан 100-ден аса сұрақтар қойылған. Бұдан бөлек «Сөзден іске» жобасы аясында байланыс номері іске қосылып, көрнекі жерге орналастырылған. Нәтижесінде халық сауалын тікелей жолдап, сұрақтарына жауап алуға мүмкіндік алған.

Жуырда аудан әкімі Сәкен Арубаев «Әкім сағатында» тұрғындардың Аса ауылындағы Абай көшесімен емін-еркін қатынауға мүмкіндік жоқ екенін, нәтижесі Ю.Гагарин көшесіндегі тізілген көлік кептелісіне әкеліп соғатыны жайлы жолдаған сауалына байланысты жедел әрекет жасап, арнайы барып көрді. Мердігермен жүздескен аудан басшысы орталық көшедегі кептелісті тезірек реттеу керектігін басып айтты.

– Тұрғындар мына жолдың бойындағы баяу тірлікке көңілі толмай отыр. Бүгін әлеуметтік парақшаға осы бойынша сауалдар келіп түсті. Өткен сенбі күні басталған жұмыс әлі күнге дейін мәресіне жеткен жоқ. Мұндай оқиға орын алмас үшін алдымен торапға дейінгі аймақты ретке келтіріп, соңында асфальтқа кірісу қажет еді. Мердігерлік өкілдерге жұмысты екі-үш күн ішінде аяқтауды тапсырамын, – деді Сәкен Қаланұлы.

Мұнан өзге де «Әкімдік сағатында» немесе әлеуметтік желіде тұрғындар көтерген кез келген мәселе бойынша ауданда тиісті жұмыстар жүргізіліп келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімі Сәкен Арубаевтың тікелей бақылауында.