Жер кезегінде жылдап тұрғандардың үміті қашан ақталады?
Жер кезегінде жылдап тұрғандардың үміті қашан ақталады?
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және жаңа тұрғын алқаптарға инфрақұрылым жүргізу мәселелері қаралды.
Жобалық-сметалық құжаттар неге дайын емес?
Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, тұрғын алқаптарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында қала, аудандардағы жеке тұрғын үй құрылысының 2022 жылға дейінгі даму картасы бекітілген. Даму картасына сәйкес аудандарда инженерлік желілермен қатамасыз етіп, тарату мүмкіндігі бар 81 тұрғын үй алқабы (жалпы ауданы 7 мың 359 гектар болатын барлығы 37 мың 537 жер телімі) анықталған. Ал өңірде жер телімі кезегінде 124 мың 698 азамат тұр. Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан кезекке тіркелген азаматтар тізіміне талдау жүргізіліп, нәтижесінде бір отбасынан бірнеше тіркелуіне байланысты 9 мың 773 азамат (отбасы саны 3011), өзге облыстардан 645, кезекке қайталанып 439 азамат тіркелгендігі анықталған. Сондай-ақ 403 азамат қайтыс болуына байланысты кезектен алынған. Егер анықталған 81 алқап толық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылып, 37 мың 537 жер телімі таратылған күннің өзінде кезекте 90 мыңға жуық адам қалады екен. Сондықтан да кезектіліктің өсімін ескере отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 13 мың гектарға жуық жаңа тұрғын үй алқаптарын қарастыру қажеттігі туындап отыр. Осы ретте Жайықбай Шалдарұлы аудан, қала әкімдіктеріне жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жарамды жерлерді елді мекеннің аумағына қосу, сондай-ақ игерілмей бос жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекетке қайтару жұмыстарын жандандыру қажеттігін ескертті. 2018-2020 жылдар аралығында алқаптарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша облыста нақты 65 жоба іске асып, 6107 жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін дайындалыпты. Жамбыл, Меркі аудандарында жобалар іске асқанымен, таратылуға дайын болған жер телімдері жоқ. Ағымдағы жылы даму картасында анықталған жоспарға сәйкес, жүзеге асырылуы тиіс болған 21 жоба іске аспаған. Атап өтсек Жуалы ауданында 7, Жамбыл ауданында 7, Меркі ауданында 5, Т.Рысқұлов ауданында 2 жоба іске аспаған. Сондай-ақ келер жылы жоспарланған 76 жобаның 59-ы 2021 жылғы бюджетке енгізілмеген. Тек 15 жоба бюджеттен қолдау тапқан. Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, мәселенің басты себебі – бюджетті қалыптастыру барысында тапсырыс беруші қала, аудан әкімдіктері тарапынан жобалау-сметалық құжаттамалардың дайын болмауы.
Баспанамен қамтуда баяулық бар
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев ұсынған мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте 28 мың 766 адам тұр. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің жүргізген талдауына сәйкес өңірлерде кезекте тұрған адамдар саны бойынша облыс 9-орында екен. Жыл басынан бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған 543 адам баспанамен қамтамасыз етілген. Соңғы 3 жыл ішінде 1428 адам арендалық тұрғын үйге қол жеткізген. Алайда соңғы 3 жылда Меркі, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында бірде бір пәтер берілмеген. Тиісінше аталған аудандарда тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрған адамдардың саны жыл санап көбеюде. Құдайберген Нұрсерікұлы ағымдағы жылдың соңына дейін 1686 пәтерлі 36 арендалық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 68 адамға 564 миллион 200 мың теңге несие беріліп, 84 адамның айлық табыстары расталған. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3,4 миллиард теңгеге 364 адамның өтінішін қабылдап, 343 азаматқа 3,2 миллиард теңге несие ресімдеген. «7-20-25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге түскен 293 өтініштің 187-і қолдау тауып, 175 азаматқа 1,1 миллиард теңге несие берілген. Күн тәртібіндегі мәселелелер бойынша Тараз қаласынының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың да баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек бейнебайланыс режимінде Бердібек Машбекұлының сұрақтарына жауап берді. Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын алқаптарды инфрақұрылыммен қамту бойынша атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейтінін жеткізді.
Талғат НҰРХАНОВ