Жер кезегінде жылдап тұрғандардың үміті қашан ақталады?

69

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарды баспанамен қамтамасыз ету және жаңа тұрғын алқаптарға инфрақұрылым жүргізу мәселелері қаралды.

Жобалық-сметалық құжаттар неге дайын емес?

Облыс әкімдігі құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, тұрғын алқаптарын инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізу мақсатында қала, аудандардағы жеке тұрғын үй құрылысының 2022 жылға дейінгі даму картасы бекітілген. Даму картасына сәйкес аудандарда инженерлік желілермен қатамасыз етіп, тарату мүмкіндігі бар 81 тұрғын үй алқабы (жалпы ауданы 7 мың 359 гектар болатын барлығы 37 мың 537 жер телімі) анықталған.
Ал өңірде жер телімі кезегінде 124 мың 698 азамат тұр. Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасы тарапынан кезекке тіркелген азаматтар тізіміне талдау жүргізіліп, нәтижесінде бір отбасынан бірнеше тіркелуіне байланысты 9 мың 773 азамат (отбасы саны 3011), өзге облыстардан 645, кезекке қайталанып 439 азамат тіркелгендігі анықталған. Сондай-ақ 403 азамат қайтыс болуына байланысты кезектен алынған.
Егер анықталған 81 алқап толық инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтылып, 37 мың 537 жер телімі таратылған күннің өзінде кезекте 90 мыңға жуық адам қалады екен. Сондықтан да кезектіліктің өсімін ескере отырып, жеке тұрғын үй құрылысы үшін 13 мың гектарға жуық жаңа тұрғын үй алқаптарын қарастыру қажеттігі туындап отыр. Осы ретте Жайықбай Шалдарұлы аудан, қала әкімдіктеріне жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге жарамды жерлерді елді мекеннің аумағына қосу, сондай-ақ игерілмей бос жатқан жерлерді анықтап, оны мемлекетке қайтару жұмыстарын жандандыру қажеттігін ескертті.
2018-2020 жылдар аралығында алқаптарды инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша облыста нақты 65 жоба іске асып, 6107 жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысы үшін дайындалыпты. Жамбыл, Меркі аудандарында жобалар іске асқанымен, таратылуға дайын болған жер телімдері жоқ.
Ағымдағы жылы даму картасында анықталған жоспарға сәйкес, жүзеге асырылуы тиіс болған 21 жоба іске аспаған. Атап өтсек Жуалы ауданында 7, Жамбыл ауданында 7, Меркі ауданында 5, Т.Рысқұлов ауданында 2 жоба іске аспаған. Сондай-ақ келер жылы жоспарланған 76 жобаның 59-ы 2021 жылғы бюджетке енгізілмеген. Тек 15 жоба бюджеттен қолдау тапқан. Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, мәселенің басты себебі – бюджетті қалыптастыру барысында тапсырыс беруші қала, аудан әкімдіктері тарапынан жобалау-сметалық құжаттамалардың дайын болмауы.

Баспанамен қамтуда баяулық бар

Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев ұсынған мәліметтерге сүйенсек, мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте 28 мың 766 адам тұр. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитетінің жүргізген талдауына сәйкес өңірлерде кезекте тұрған адамдар саны бойынша облыс 9-орында екен. Жыл басынан бері мемлекеттік тұрғын үй қорынан үй алуға кезекте тұрған 543 адам баспанамен қамтамасыз етілген. Соңғы 3 жыл ішінде 1428 адам арендалық тұрғын үйге қол жеткізген. Алайда соңғы 3 жылда Меркі, Байзақ, Жуалы, Т.Рысқұлов және Мойынқұм аудандарында бірде бір пәтер берілмеген. Тиісінше аталған аудандарда тұрғын үй қорынан баспана алуға кезекке тұрған адамдардың саны жыл санап көбеюде.
Құдайберген Нұрсерікұлы ағымдағы жылдың соңына дейін 1686 пәтерлі 36 арендалық тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отырғанын жеткізді. Ал «Шаңырақ 5-10-20» бағдарламасы аясында бүгінгі күнге дейін облыс бойынша 68 адамға 564 миллион 200 мың теңге несие беріліп, 84 адамның айлық табыстары расталған. Сонымен қатар «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша ағымдағы жылы Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі 3,4 миллиард теңгеге 364 адамның өтінішін қабылдап, 343 азаматқа 3,2 миллиард теңге несие ресімдеген. «7-20-25» бағдарламасы аясында екінші деңгейлі банктерге түскен 293 өтініштің 187-і қолдау тауып, 175 азаматқа 1,1 миллиард теңге несие берілген.
Күн тәртібіндегі мәселелелер бойынша Тараз қаласынының әкімі Айтқазы Қарабалаевтың да баяндамасы тыңдалды. Сонымен қатар Жуалы ауданының әкімі Нарбай Ергебеков, Байзақ ауданының әкімі Нұржан Нұржігітов, Меркі ауданының әкімі Мейірхан Өмірбек бейнебайланыс режимінде Бердібек Машбекұлының сұрақтарына жауап берді.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы Бердібек Сапарбаев тұрғындарды баспанамен қамтамасыз ету, тұрғын алқаптарды инфрақұрылыммен қамту бойынша атқарылған жұмыстар көңіл көншітпейтінін жеткізді.

– Басқарма басшысы баяндағандай, келесі жылға 76 жоба ұсынуымыз керек болса, 15-і ғана дайын. Әні-міне дегенше жыл аяқталады. Сонда қалған жобалар қашан дайын болады? Егер дәл осындай қарқынмен жұмыс істейтін болсақ кезекте тұрған 124 мың 698 азаматты 20 жылда жер телімімен қамтамасыз ете алмаймыз. Ал кезекке тұрған азаматтардың саны жыл санап өсіп жатыр. Халыққа жандарыңыз ашымайды. Сіздердің өз міндеттеріңізге салғырт қарағандарыңыздың салдарынан қарапайым тұрғындар ұлтарақтай жерге ие бола алмай жүр. 10-20 жылдан бері жер кезегінде тұрған тұрғындар бар. Аудандарда үш жылдан бері бірде бір пәтер берілмеген. Осыдан-ақ қандай жұмыс атқарып жүргендеріңізді білуге болады.
Мемлекеттік бағдарламалар бойынша баспана беруде де сылбырлық байқалады. Жұмыстарыңыз өте нашар. Берілген тапсырмалар орындалмайды. Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасына кәсіпкерлерді, демеушілерді тарта отырып бос тұрған немесе бітпей қалған үйлерді ел игілігіне ұсыну туралы бірнеше мәрте айтылды. Әсіресе Қаратау, Жаңатас, Шу қалаларында қаңырап бос тұрған үйлер көп. Кәсіпкерлердің көмегімен сол үйлерді кәдеге жаратуға болады емес пе? Үйді жөндеп, ел игілігіне берсін, тиісінше кәсіпкер бір, тіпті бірнеше қабатын коммерциялық бағытта пайдалансын. Кәсіпкерлермен дұрыс жұмыс жүргізе білсеңіздер, қызығушылық танытатындар табылар еді. Өкінішке қарай «сен тимесең, мен тиме» деп жүрсіздер. Бізге сұлу сөздеріңіз, құрғақ уәделеріңіз емес, нақты жұмыстың нәтижесі керек, – деді Б.Сапарбаев.

 

Талғат НҰРХАНОВ