Саясат

Жолдау: Жыл сайын 500 ғалым шетелден тағылымдамадан өтеді

Жолдау: Жыл сайын 500 ғалым шетелден тағылымдамадан өтеді

Кезекті Жолдауында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым саласын дамыту бойынша Үкіметке бірқатар тапсырмалар беріп, бизнес өкілдерін осы салаға атсалысуға шақырды. «Ғылым саласын дамыту туралы да айтқым келеді. Бұл мәселеде бізге тың көзқарас пен жаңа тәсілдер керек. Сондай-ақ халықаралық тәжірибеге арқа сүйеуіміз қажет. Үкіметке жыл сайын әлемнің жетекші ғылыми орталықтарында 500 ғалымның тағылымдамадан өтуді қамтамасыз етуді, сондай-ақ «Жас ғалым» жобасы аясында зерттеу жүргізу үшін 1000 грант бөлуді тапсырамын», деді Президент. Аталған саланы алға жылжытуда кәсіпорын иелерінің де үлесі болуы керектігін атаған Қ.Тоқаев ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуде ғылымның әлеуетін пайдалану керектігін атап өтті. «Ғылымды қаржыландырудың және қолдаудың маңызды көзі – ірі кәсіпорындардың, әсіресе, шикізат саласындағы компаниялардың тапқан қаражаты. Тапқан табыстың 1%-ын ғылым мен технологияны дамытуға беру туралы қолданыстағы норма талаптары сақталмай отыр. Көп жағдайда бұл қаражат компаниялардың ішінде бөлініске түсіп кетеді. Үкіметке осы қаражатты жинақтау ісін орталықтандыруды және оны бюджет арқылы жалпыұлттық ғылыми басымдыққа сай бөлінуін қамтамасыз етуді тапсырамын. Ірі бизнес өкілдері өңірлік университеттердің ғылыми қызметін қамқорлыққа алса нұр үстіне нұр болар еді. Бізге елімізді ғылымды дамыту жөніндегі арнаулы бағдарламалық құжат қажет. Оның басты міндеті – ұлттық деңгейдегі нақты мәселелерді шешуде ғылымның әлеуетін пайдалану болмақ», деді Мемлекет басшысы. egemen.kz