Әбу-Дабиде айқасатындар анықталды

27

23 қаңтарда Біріккен Араб әмірлігінің Әбу-Даби қаласында аралас жекпе-жектен өтетін турнирде кімдердің айқас алаңына шығатыны толықтай анықталды.

Бұл жарыстың басты жекпе-жегінде Конор Макгрегор мен Дастин Пуарье күш сынасады. 32 жастағы Ирландияның өкілі 2008 жылдан бері осы спорт түрін серік етуде. Сол кезден бері 26 мәрте октагонға шыққан ол 22 рет жеңіске жетіп, 20 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады. Соңғы кездесуін Макгрегор 2020 жылдың 18 қаңтарында Дональд Серронеге қарсы өткізіп, барлық «мәселені» 41 секундта шешті.

Ал 31 жастағы АҚШ спортшысы тұсаукесер кездесуін 2009 жылы өткізді. Күні бүгінге дейін 32 рет айқасқан Пуарьенің 26 мәрте мерейі үстем болды. 19 қарсыласын ол есінен тандырды.

Сондай-ақ, Әбу-Дабиде Қазақстанның қос спортшысы жарыс көрігін қыздырады. Олар – Жалғас Жұмағұлов пен Сергей Морозов. Жалғас швециялық Әмір Албазимен айқасса, Сергей ресейлік Омар Нұрмагомедовпен күш сынасады.

egemen.kz