Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, мажарстандық, 33 жастағы Мартон Фучовичпен шеберлік байқасты
Қазақстанның бірінші, әлемнің 10-ракеткасы Александр Бублик Аустралия ашық чемпионатының үшінші айналымына жолдама алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Қазақстандық теннисші екінші айналымда әлемнің 54-ракеткасы, мажарстандық, 33 жастағы Мартон Фучовичпен шеберлік байқасты.
Тартысты өрбіген бірінші сетте есеп 5:5 болған мезетте Бублик брейк жасап, сосын өз геймін ала білді – 7:5.
Екінші партия барысында теннисшілер брейк алмасты. Дегенмен есеп 4:4 болғанда, қазақстандық спортшы тағы бір брейкке қол жеткізді – 6:4.
Үшінші сетте Фучович 4:2 есебімен алға кетті. Бірақ есеп 5:3 болып, сетке доп бергенде, сол мүмкіндігін пайдалана алмады. Қарқын алған Бублик дес бермеді – 7:5.
Екі сағат 14 минутқа созылған бәсекеде А.Бублик 12 эйспен бірге 13 брейк-пойнттың бесеуін өз есебіне жазды. Фучович 6 эйс, 2 брейкпен көзге түсті.
Александр Бублик төртінші айналымға шығу үшін әлемнің 62-ракеткасы, аргентиналық Томас Мартин Этчеверримен таласады.
Тағы бір қазақстандық теннисші, әлемдік рейтингіде 97-орындағы Александр Шевченко үшінші айналымнан тыс қалды. Ол екінші кездесуінде әлемнің 29-ракеткасы, америкалық Лернер Тиенге жол берді – 2:6, 7:5, 1:6, 0:6.