Әли Ахмедов чемпиондық тәж үшін таласады

30

Жартылай ауыр салмақта күш сынасып жүрген 25 жастағы қазақстандық кәсіпқой боксшы Әли Ахмедов таяу күндері әлем чемпионы атағын үшін таласады.

18 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатының Холливуд қаласында өтетін айтулы жарыста жерлесіміз Карлос Гонгорамен күш сынасады.

31 жастағы Эквадордың өкілі кезінде әуесқойлар арасында да тәуір жұдырықтасқан. Екі рет Панамерика ойындарының қола жүлдегері атанды. Бейжің және Лондон Олимпиадаларына қатысты. Тұманды Альбион елінде ол біздің Әділбек Ниязымбетовке жол берді. 2009 жылы Миланда ұйымдастырылған әлем чемпионатында ширек финалға дейін жетті. 2015 жылы кәсіпқой рингте ауысып, сол кезден бері 17 кездесу өткізіп, барлығында жеңіске жетті. 13 қарсыласын нокаутқа жіберді.

Алматы облысының тумасы Әли Ахмедов Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері, бірқатар халықаралық турнирлердің жеңімпазы және жүлдегері. Кәсіпқой рингке 16 мәрте көтеріліп, барлығын өз пайдасынан шешті. 12 бәсекені мерзімінен бұрын аяқтады.

egemen.kz