Қателік қай жерден кетті: Жәнібек Әлімханұлына қатысты тың дерек шықты
Жәнібек Әлімханұлының допингке қатысты ісі бойынша тексеріс қорытындысы жарияланды.
Қазақстан Кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков әлеуметтік желі арқылы ресми түсініктеме берді, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Оның мәліметінше, 9 қаңтардан бастап федерация төрт мәрте арнайы отырыс өткізіп, 5 сәуірдегі соңғы жекпе-жектен кейінгі кезеңді толық саралаған. Зерттеу барысында боксшы мамыр айында денсаулығы сыр берген соң жекеменшік медициналық мекемеге жүгінгені анықталған. Сол жерде оған құрамында мельдоний бар дәрі тағайындалған.
Федерация басшысы аталған препарат спорттық нәтижені күшейту мақсатында қасақана қолданылмағанын айтты. Дәрігерлер оны шұғыл жағдайда, медициналық көрсеткіштерге сәйкес енгізген, ал спортшы оның құрамында тыйым салынған зат барын білмеген. Сондай-ақ «Репронат» препараты Қазақстан аумағында заңмен шектелмеген әрі медицинада кең қолданылатыны атап өтілді. Спортқа қатысы жоқ дәрігерлердің VADA тізіміндегі шектеулерді білуі міндетті емес екені де айтылды. Федерация сұранысынан кейін клиника барлық құжаттарды ұсынған, ал деректер мемлекеттік медициналық жүйеде тіркелгендіктен, оларды өзгерту мүмкін емес.