Спорт

Қазақстандық Тимофей Скатов Таиландтағы турнирдің ширек финалына өтті

Тимофей алғашқы айналымда рейтингіде 331-орында тұрған Дуже Айдуковичті тартысты бәсекеде 6:3, 3:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді

Қазақстандық, әлемнің 195-ракеткасы Тимофей Скатов Нонтхабури (Таиланд) челленджер турнирін сәтті өткізіп жатыр, деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Өткен аптада Бангалор (Үндістан) челленджер жарысының финалына дейін жеткен қазақстандық теннисші Нонтхабуриде 2-ракетка болып тіркелген.

Тимофей алғашқы айналымда рейтингіде 331-орында тұрған Дуже Айдуковичті тартысты бәсекеде 6:3, 3:6, 6:4 есебімен тізе бүктірді. 

Т.Скатов бүгін рейтингідегі 413-сатыдағы таиландтық Касидит Самрейді қапы қалдырды – 6:4, 6:2.

Бір сағат 15 минутқа созылған бәсекеде Скатов 5 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың төртеуін өз есебіне жазды. Самрей 6 эйс, 1 брейкпен ерекшеленді.

Тимофей Скатов жартылай финалға шығу үшін әлемнің 288-ракеткасы, франциялық Флорана Бакспен таласады. Франциялық теннисші екінші айналымда қазақстандық, рейтингіде 265-сатыдағы Бейбіт Жұқаевтан айласын асырып кетті – 6:2, 6:4. 

Б.Жұқаев бастапқы айналымда қытайлық Фацзинь Сунаны 6:4, 6:1 есебімен жеңген еді.