Қазақстандық жас балуан Жаңажол Қуанышбек грек-рим күресінен әлем чемпионы атанды
Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі мәлімдеді
Грекия астанасы Афинада өтіп жатқан грек-рим күресінен 17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қазақстандық спортшы Жаңажол Қуанышбек алтын медаль жеңіп алды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Жас балуан 45 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қарсылас шақ келтірмей, ел намысын абыроймен қорғады.
ҚР Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мәліметінше, финалдық белдесуде Жаңажол Қуанышбек Қырғызстан өкілі Нуркерим Кумарбековпен кездесіп, сенімді жеңіске жетті. Бұл жеңіс – қазақстандық жасөспірімдер құрамасы үшін маңызды жетістік саналады.
Айта кетейік, бұған дейін осы чемпионатта қазақстандық үш балуан жүлделі орыннан көрінген еді. Нұрдәулет Құмарұлы 48 келіге дейінгі салмақта және Нұралы Асқар 55 келіге дейінгі салмақта финалға дейін жетіп, күміс медаль иеленді. Ал Шамиль Досбол 65 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола жүлдеге ие болды.