Спорт

Ғажайып: Мүгедектер арбасынан кәсіби футболға дейін

Ғажайып: Мүгедектер арбасынан кәсіби футболға дейін

«Шеффилд Уэнсдей» Англия кубогының үшінші айналымындағы матчта «Эксетерді» 2:0 есебімен жеңді. Бұл кездесудің драмаға толы сәті - 18 жастағы қорғаушы Деклан Томпсонның дебюті еді.

Олай дейтін себебіміз, 2007 жылы бес жастағы Деклан Томпсон есімді ағылшын баласына адам жамбасында болатын «Пертес» ауруының сирек диагнозы қойылады.

Пертес ауруы балалық жаста пайда болады және ұршықбуынның аумағында (жамбастағы буын) және ортан жіліктің (жамбас сүйегінің буыны) басының зақымдануымен сипатталады.

Легга-Кальве-Пертес ауруы ортан жіліктің басындағы қан айналымының уақытша бұзылысында пайда болады. Сондай-ақ қан ағымы бұзылған кезде тіндердің тіршілігі жойылады. Соның салдарынан Деклан Томпсон екі жылға жуық мүгедектер арбасына таңылады. Дәрігерлер «Деклан ендігіде жүре алмайды» деп ойлайды.

Дегенмен көптеген операциялардың нәтижесінен кейін жас жігіт аяғына тұра бастайды.  Осы уақыт ішінде ата-аналар кішкентай ұлына қамқорлық жасаумен болады. Олар емделуіне ақша іздеп, физиотерапияға жиі апарып жүреді.

2

Деклан Томпсон сегіз жасқа толғанда денсаулығы қалпына келе бастайды. Әкесі оны бірден «Шеффилд Уэнсдей» академиясына жаздырады. Жас бала сол жерде футболға машықтанып, шеберлігін шыңдайды.

Ли Томпсон (жігіттің әкесі) - бұрынғы футболшы болатын. Ол мансабын «Шеффилд Юнайтедтен» бастаған. Бірақ жоғары деңгейге жете алмаған. Қазір жаттықтырушы болып жұмыс істейді.  Ол ұлын өзі жеке оқытты. Оның қалпына келуін бақылап, академиядағы дәрігерлермен оның жағдайы туралы үнемі хабарласып отырды.

Деклан «Шеффилд Уэнсдей» футбол клубымен алғашқы кәсіби келісімшартқа отырған күн - Томпсондар әулетіндегі ең айтулы оқиға болған еді.

3

«Ұлым футбол клубынан ұсыныс түсіп жатқанын айтқан кезде мен оған сенбедім. Жоқ, мен ұлымның керемет футбол ойнайтынын білемін. Бірақ біз үлкен қиындықтардан өттік. Бұл менің жадымда үлкен із қалдырды. Бірақ жаңалыққа қатты қуандым», - дейді жаттықтырушы әке.

6

Сондықтан да болар 2021 жылдың 9 қаңтарында өткен кәсіби футболдағы 18 жасар ұлының  дебюті отбасы үшін жеке бір мереке. Ал теледидардан 38-ші номердегі футболшының жасыл алаңға қарай жүгіріп шыққан сәтін көргенде әкесі еріксіз жылап жіберді. Ол ойыншы - баяғы мүгедек Деклан Томпсон болатын.

Сірә, бұл оның ең бір бақытты сәті болар...

egemen.kz