Азия чемпионаты: Екі қазақ боксшы жеңіске жетті
Осылайша отандастар ширек финалға жолдама алды
Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан ерлер мен әйелдер арасында өтіп жатқан Азия чемпионатында екінші жарыс күні Қазақстаннан екі спортшы рингке шықты, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Алдымен Оразбек Асылқұлов 57 келіге дейінгі салмақта малайзиялық Мохамад Зүльхайнмен жұдырықтасты.
Қазақстандық боксшы қарсыласын екінші раундта-ақ мерзімінен бұрын, нокаутпен ұтты.
Оразбек енді ¼ финалдық кездесуін 5 желтоқсан күні өткізеді.
Сондай-ақ Бейбарыс Жексен 60 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Дилшод Абдумуродовпен қарсы келді. Бірінші раундта Бейбарыс 3:2 есебімен алда тұрды. Екінші кезеңде төрешілер басымдықты түгелдей Б.Жексенге берді. Қорытынды есеп – 4:1, Бейбарыстың пайдасында.
Осылайша, Бейбарыс Жексен де ширек финалға жолдама алды.