«Барыс» «Авангардты» ұтты

19

Құрлықтық хоккей лигасындағы (ҚХЛ) кезекті тур ойынын Нұр-Сұлтанның «Барысы» Омбы қаласында жергілікті «Авангард» клубына қарсы өткізді.

Тұрақты біріншіліктің жарыс кестесінде төртінші орында тұрған Боб Хартлидің шәкірттеріне қарсы кездесуде «Барыс» барын салды. Бәсеке басталған бетте Роман Старченко есеп ашса, 8-минутта Кирилл Семенов таразы басын теңестірді. Бұл голдардың екеуі де командалардың бір ойыншысы артық кезде соғылды. Екінші кезеңде алма-кезек шабуылдар жалғасты. Тек үзіліске санаулы секундттар ғана қалғанда Якоб Лилья қонақтарды алға шығарды. Үшінші кезеңде дәл сол сценарий бойынша өрбіді. Қос командада да жақсы мүмкіндіктер болғанымен, ұзаққа дейін таблодағы есеп өзгерген жоқ. Десек те шешуші тұста ширақ қимылдаған қазақстандық хоккейшілер тағы бір шайбаны қақпаға енгізіп, бәсекенің соңғы нүктесін койды. Бұл голдың авторы – Филип Вароне. Есеп – 3:1.

Осылайша, қатарынан үшінші кездесуде жеңіске жеткен «Барыс» жарыс кестесіндегі жағдайын біраз жақсартып, өз көрермендерін қуантты. Енді олар 26 желтоқсанда өз мұз айдынында Хабаровскінің «Амурын» қабылдайды.

egemen.kz