«Барыс» – плей-офф кезеңінде

33

Құрлықтық хоккей лигасында (ҚХЛ) бақ сынайтын елорданың «Барыс» клубы тұрақты біріншіліктің кезекті тур ойынын сырт айдында өткізіп, Новосибирскінің «Сибирь» ұжымынан басым түсті.

Бұл турда жерлестеріміз тек жеңіске жетіп қана қомай, мерзімінен бұрын ҚХЛ-дің плей-офф кезеңінің жолдамасын иеленді. Ал өз алаңында ұпай жоғалтқан «Сибирь» биылғы плей-офф кезеңінен тыс қалды. Кездесуді мұзайдын иелері өте тамаша бас­тады. Өйткені оларға жеңіс ауадай қажет еді. Бірінші кезеңнің орта тұсынан ауғанда Юрки Йокипакка (15-минут) командасын есепте алға шығарса, екінші кезеңде Виктор Комаров (24-минут) таблодағы көрсет­кішті 2:0-ге жеткізді. Алайда бұл шайбаға жерлестеріміз жылдам жауап берді. 25-минутта Джесси Блэкерден тамаша пас алған 19 жастағы шабуылшы Максим Мусоров есеп айырмасын қысқартты.

Үшінші кезеңде де ойын тізгінін өз қолда­рына алған Юрий Михаилистің шәкірттері айналдырған екі минутта екі шайба соғып, қарсылас командадан жеңісті жұлып алды. Алғаш 47-минутта Кирилл Панюков таразы басын теңестірсе, 48-минутта Джесси Блэкер матчтың нүктесін қойды. Қорытынды есеп – 3:2. «Барыстың» пайдасына. Осылайша «Шығыс» конференциясында 55 ойыннан кейін 62 ұпай жинаған жерлестеріміз мерзімінен бұрын плей-офф кезеңінің тағдырын шешіп қойды.

egemen.kz