Бекзада өнер, батыр Бекзат
Бекзада өнер, батыр Бекзат
2004 жылдың тамыз айы. Афина Олимпиадасының нағыз қызған шағы. Жаздың жаймашуақ күндерінің бірінде редакциядағы біраз журналист жиналып, теледидардан боксшылардың бәсекесін тамашалап отырғанбыз. Бір мезетте қабылдау бөлмесіндегі телефон шыр ете қалды. Хатшы қыз дереу маған қосты. Сөйтсек, Түркістаннан Бекзат Саттархановтың анасы хабарласып тұр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін Сырлыкүл апайымыз:
Қапелімде не дерімді білмей қалдым. Біраз үнсіздіктен кейін: «Қойыңыз тәте, жыламаңыз. Ондай әңгімені таратып жүрген гректер ғой. Бокс тарихын шала білетін сол жақтағы біреулер кітап шығарып, Бекзат Саттархановты Өзбекстанның спортшысы деп жазып жіберген екен. Комментаторлар да соны айтса керек. Оған көңіл аудармаңыз. Егілмеңіз! Бекзаттың қазақ екенін есті адамның бәрі біледі. Қазақ болғанда, жай қазақ емес, нағыз нар қазақ! Саттархановтың есімі күллі қазақ боксшылары арасынан шыққан тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде тарихта қалды. Бекзат – біздің ұл, халықтың ұлы, қазақтың ұлы!», деп Сырлыкүл апайымызды жұбатқандай болдым. Осы сөздерімнен кейін чемпионның анасы: «Соны балам, газетке дұрыстап жазыңдаршы. Бекзаттың қазақ екенін бәрі білсін, ешкімнің күмәні болмасын!», деді де телефонның тұтқасын қойды.
Ашынған ананың дауысын естіген менің де көңілім босап сала берді. Сол сәтте Бекзат бауырыммен сырлас болған, сұхбаттасқан, оның өнеріне тамсана қол соққан кездер көз алдыма қайта келді.
Қазақстан құрама командасының мүшелері әдетте Алматыдағы Достық даңғылы бойында қоныс тепкен «Қазақстан» шипажайында бас қосатын. Іздесеңіз, майталман мамандар, білікті бапкерлер, марқасқа боксшылардан бастап, осы саланың басы-қасында жүрген басқа да азаматтардың барлығын сол жерден табуға болатын. Бірде қалың топтың арасынан Бекзатты да көзім шалды. Ұлттық команда жейдесін енді ғана киген кезі. Сол кездің өзінде Түркістанның тастүлегі жастар арасындағы жарыстарда ауыз толтырып айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп үлгеріпті. 1998 жылдың қараша айында Аргентинаның астанасы – Буэнос-Айресте ұйымдастырылған әлем біріншілігінде төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған дарынды былғары қолғап шеберлерінің біразын бір деммен ұтқаны жайында құлағдар болдық. Тіптен, Кубаның жас перісі Гильермо Ригондоның өзін жақсылап сабаған екен. Кейіннен дәл сол боксшы Сидней мен Афина Олимпиадаларында алтын тұғырға көтеріліп, екі дүркін Олимпиада чемпионы атанды. Бұл күндері Ригондо – кәсіпқой бокстың шоқжұлдызы. Кубадан қашып, АҚШ-тан пана тапқан ол 22 жекпе-жектің тек біреуінде ғана ұтылып, түрлі нұсқалар бойынша чемпиондық белбеуді иеленді. Бірақ бәрібір Бекзатқа Буэнос-Айресте бас жүлде алу бақыты бұйырмады. Финалдық сайыста қандасымыздың жолын кескен қазылар жеңісті украиналық Сервин Сулеймановқа «ұстатып жіберген» деседі.
Елге оралғаннан соң Саттарханов ересектер дуына түсе бастады. Бірден өзінің мықтылығын мойындатып, ұлттық құрама сапында өнер көрсетуге лайық екенін дәлелдеді. 1999 жылы Ташкентте өткен Азия чемпионатында ел намысын қорғады. Міне, дәл сол жарыста Бекзаттың техникалық арсеналы мол, тактикалық тұрғыдан өте сауатты, жүректі әрі намысқой жігіт екеніне анық көз жеткіздім.
Ташкенттің төрінде өткен аталған жарыс күні бүгінгідей көз алдымда. Өзбекстан мен Қазақстанның жеті боксшысы финалға шықты. Қазақтардан қалай да озуды көздеген жарыс қожайындары біздің жігіттерге көпе-көрнеу қиянат жасады. Төрешілер де тегістей солардың ығына жығылды. Нәтижесінде жеті өзбек жеңімпаз атанып, жеңіс тұғырында марқайып тұрды. Қос алтынды қанағат тұтқан қазақтар жанарымен жер шұқыды. Міне, дәл сол тұста танымал журналист Бақтияр Тайжанның «Қолбасшысы жоқ қазақ боксы Ташкентте Әбдісаланды іздеді» деген мақаласы еліміздегі белді басылымдардың бірінде жарқ етіп жарыққа шықты.
Жоғарыдағыдай келеңсіз жайтты басынан кешіргендердің бірі Бекзат Саттарханов еді. 57 кило салмақта сынға түскен 19 жастағы жас өреннің жолы ақтық айқаста сол жылы Хьюстонда өткен әлем чемпионатында күміс медальді иеленген Толқынбай Тұрғыновпен қиысты. Бұл бәсекеде Бекзат басым болды. Өзінен үш жас үлкен әрі тәжірибесі мол қарсыласын алдап та, арбап та соқты. Бірақ төреші Толқынбайдың қолын көтерді.
Жарыста бірқатар жерлесіміз «қитұрқы ойынның құрбаны» болса да «қолдан келер не шара» дегендей сыңай танытып, «ләм-мим» деместен киім ауыстыратын бөлмеге асықты. Бір жағынан оларды да түсінуге болады. Басты мақсат – Азия чемпионатында алтын алу емес, Олимпия ойындарының жолдамасына иелік ету еді. Біздің жігіттердің дені лицензия алды. Бірақ негізгі жоспарды жүзеге асырса да, Саттархановтың күміске көңілі толмады. Жыларман болған ол біразға дейін рингтен түспей қойды. Төрешілермен дауласып тұрып алды. Бекзаттың «Бұларың қалай, мен жеңіп едім ғой. Бас бәйгені маған неге бермейсіңдер?» деп шырылдаған даусын сан мың көрермен арасында отырған біздер де анық естідік. Бірақ қазылардың шешімі өзгеріссіз қалды.
2000 жылы Сиднейде алауы тұтанған Олимпия ойындарында Бекзат Саттарханов нағыз классикалық бокстың үлгісін көрсетті. Бастапқы бәсекелерде румыниялық Овидиу Бобырнат (14:5) пен ОАР өкілі Джефри Матебуланы (16:5) еш қиналмай жеңген ол, ширек финалда Түркияның атақты боксшысы Рамаз Палианимен жолықты. Негізі бұл саңлақ жайында ұзақ әңгімелеуге болады. Егер жаңылыспасам, түрлі дүбірлі додада бес бірдей мемлекеттің туы астында өнер көрсеткен жер бетіндегі жалғыз былғары қолғап шебері – дәп осы Палиани. Әуелі КСРО мен ТМД, көп кешікпей Грузия мен Ресей, одан кейін Түркияның намысын қорғады. Сол кезге дейін қол жеткізген табысы да қомақты. Атап айтсақ 1992 жылы Барселона Олимпиадасын қола медальмен қорытындылады. 1993 жылғы Тампере және 1999 жылғы Хьюстондағы әлем чемпионаттарында дәл сол межеден көрінді. Төрт рет Еуропаның теңдессізі деп танылып, бір рет күміс алды. 1996 жылғы Атланта Олимпидасында ширек финалға дейін жетті. Жасөспірімдер мен жастар буыны арасындағы жарыстарда жасындай жарқырағаны тағы бар. Оның үстіне, Рамаз Палиани Анадолы елінің осы Олимпиададағы соңғы үміті еді. Міне, осындай мықтыны жеңген жағдайда ғана қазақ боксшысы жеңіс тұғырына көтеріле алады. Жауапкершіліктің жүгін жүрегімен, жан-тәнімен сезінген Саттарханов аса шиеленісті жекпе-жекте жеңісті әккі қарсыласының уысынан жұлып әкетті. Бұл бәсекенің тағдырын бір ғана ұпай шешті. Есеп – 12:11.
Жоғарыдағы жеңістің қанаттандырғаны соншалық, Бекзат жартылай финалда Тахар Тамсаманиді (22:10) оңай ұтып, финалда Рикардо Хуареспен кездесті. Екеуі де 1980 жылдың тумасы. Бекзат 4 сәуірде туса, Рикардо 11 күннен кейін дүниеге келді. Олар түйдей құрдас болғанымен, біздің жігітке қарағанда сырт көзге АҚШ боксшысы әлдеқайда айбарлы, сұсты көрінді. Атағы да алысқа жайылған.
Америкалықтардың бойында менмендік пен тәкаппарлықтың басым екені бәсенеден белгілі. Хьюстонның тумасы да өркөкіректеу екен. Оны біз әу бастан байқадық. Өз-өзіне сенімді болғаны соншалық, рингке маң-маң басып шығады. Ақтық айқастың алдында ол қарсыласы жаттығып жатқан жерге баса-көктеп кіріп келіп: «Осы бәсекеде басың кетеді», деген екен. Сабырлылық қазаққа тән қасиет қой. Бекзат тек езу тартты да: «Кімнің басы кететінін шаршы алаңда көре жатармыз», деп жаттығуын әрі қарай жалғастыра берді.
Финалда бәрі керсінше болды. Саттарханов жақсылап тұрып оның сазайын берді. Әлем чемпионы деген дардай атағы бар АҚШ боксшысы қазақтың қайсар ұлының алдында дәрменсіздік танытты. Төрт раунд бойы айбарлы Рикардо Бекзаттың «арбауында жүріп», «айтқанына көнуге» мәжбүр болды. Шешуші бәсеке 22:14 есебімен аяқталып, Бекзат Саттарханов «мәңгі тозбас» атаққа қол жеткізді. Сол кезде өзінің жігерсіздігіне күйінген Рикардо Хуарес көз жасына ерік беріп, еңкілдеп жылады. Ал жеңіс тұғырында марқайып тұрған қандасымыз «Бұл – менің күллі Қазақ елі мен Түркістанның 1500 жылдық мерейтойына тартуым!» деп жер-жаһанға жар салды.
Ғаламдық дода аяқталған соң Олимпиаданың қаһармандары республикамыздың бірқатар аймағын аралады. Астана мен Алматыда да болды. Сол кезде ел газеті – «Егемен Қазақстанға» да атбасын бұрды. Қазақ баспасөзінің қара шаңырағында керемет кездесу болып, талай тартымды әңгіменің тиегі ағытылды. Сол сәтте Бекзат үлкен плакатқа «Ұлттық рухы мықты халықтың еңсесі әрқашан биік болады. Ел намысы – менің намысым!» деп жазып, «ЕҚ» ұжымына естелік қолтаңба қалдырған еді.
Бекзат Саттарханов шаршы алаңда дауыл тұрғызғанымен, өмірде өте қарапайым жігіт еді. Әркез ағаларын сыйлап, інілеріне ізет көрсетіп жүретін. Жаны да нәзік болатын. Осы орайда Бекзатпен бірге Сидней Олимпиадасында алтын тұғырға көтерілген Ермахан Ыбырайымовтың аузынан естіген мына бір әңгімені баяндап берсем, еш ағаттығы жоқ деп ойлаймын. Оның айтуынша, бірде Бекзат бір қызға ғашық болыпты. Сезімін білдірсе, әлгі бойжеткен албырт жастың сөзіне құлақ аспаған көрінеді. Ол аздай, басқа жігітпен жүріп кетеді. Боксшының көңілі алай-дүлей болса да, махаббатқа зорлық жоқ қой. Дәл сол күйде ол Сиднейге сапар шекті. Алыстағы Аустралияда Олимпиада чемпионы атанған Саттарханов елге ұлттың батыры, Алаштың мақтан тұтар азаматы болып оралды. Барған жерінде сый-құрметке бөленді. Сол кезде әлгі қыз боксшыдан кешірім сұрап, ағыл-тегіл жылаған деседі. Кереғар сезімді басынан кешіріп, не істерін білмей дал болған Бекзат Ермаханнан «Кезінде ол маған қарамай кетіп, жүрегімді жаралаған еді. Қателігін түсінгеннен кейін алдыма келіп, ағынан жарылды. Енді не істейін: кешірейін бе, әлде екеуміздің жолымыз екі бөлек деп әңгімені қысқа қайырғаным жөн бе? Аға, ақыл қосыңышы?!» деп ақтарыла сөйлеген екен.
Расында да, Бекзат Ермаханды ерекше сыйлап, айрықша құрметтейтін. Сол ер мінезді ағасындай болуды армандайтын. Бір ғана мысал: Олимпиада қалашығына келген бетте ұйымдастырушылар боксшылардың әрқайсының қолына түрлі сауалдар қойылған анкета ұстатыпты. Сол жерде «Сенің кумирің кім?» деген сұрақ та бар екен. Ел құрамасы сапындағы жігіттеріміздің көбі жастар ғой. Олар Мұхаммед Әли, Рой Леонард Шугар, Майк Тайсон деп топырлатып шетелдік жұлдыздардың есімдерін жазып жатқанда Бекзат «Ермахан Ыбырайымов!» деп жауап беріпті.
Жасыл құрлықтағы жарыста спорттық даңқымызды арттырған саңлақтарға елге оралған соң сый-құрмет көрсетілді. Барлығына да мол мөлшерде сыйақы берілді, көлік мініп, пәтерлі болды. Сондай бір салтанатты іс-шарадан шығып, Ермахан Ыбырайымовпен оңаша қалғанда Бекзат: «Аға, атақ-даңқ адамды қатты өзгертеді дейді. Егер менің өзгеріп бара жатқанымды байқасаңыз, өтінемін, сабама түсіріп қойыңызшы. Өйткені босаңсып немесе дандайсып кеткен адамның көздеген мақсатына жетуі неғайбыл. Ал маған әлі өсу керек. Осы белестерді ғана бағындырумен шектелгім келмейді. Менің арманым – Олимпиаданың үш дүркін чемпионы атану! Ондай деңгейге кубалықтар ғана емес, қазақтар да жете алады. Бұйырса, мен соны дәлелдеймін! Оған ақыл-ойым да, күш-жігерім де жетеді», деп тіл қатты. Шынында да, Бекзат алдына биік мақсат қоя білетін, парасат-пайымы мол азамат еді. Ол әркез осылай батыл сөйлеп, кесек ой айтатын.
Содан бері табаны күректей 20 жыл да зулап өте шығыпты-ау! Бұл жалғанда адамның айтқаны емес, Алланың қалауы болады екен...
Ғалым СҮЛЕЙМЕН