Белбеу де қорғалды, рекорд та жаңарды

18

Кеше АҚШ-тың Флорида штатында орналасқан Hard Rock Holly казино-қонақүйінде өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде Қазақстанның мақтанышы Геннадий Головкин Польшаның мықтысы Камил Шереметаны мерзімінен бұрын жеңіп, орта салмақта IBF және IBО нұсқалары бойынша әлем чемпионы атағын сәтті қорғады.

31 жастағы Польша боксшысы қазақ жанкүйерлеріне жақсы таныс болмаса да, қазақстандық боксшыларға есім-сойы 2010 жыл­дан бері белгілі. Сол жы­лы Польшада жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін «Феликс Штамм» турнирінің финалында Камил екі дүркін әлем чемпионы болып тұрған отандасымыз Серік Сәпиевтен айласын асырып, жарыс жеңімпазы атанған. Бұл – Шереметаның әуесқой бокстағы ең табысты жеңісі деп те айтуға болады. Бұдан бөлек ол 2008 жылы Польша чемпионатының қола жүлдегері атанған.

2012 жылдың соңында бокс­шы кəсіпқойлар арасында күш сынасуға бел буды. Осы күнге дейін 21 мəрте рингке көте­ріліп, 21 рет жеңіске жетті. 5 қар­­сыласын мерзімінен бұрын жең­ген. Былтыр қазан айында Шеремета Головкин мен украиналық Сергей Дере­вян­ченко арасында өткен бокс ке­шінде өнер көрсетіп, мекси­ка­лық Оскар Кортесті нокаутпен жеңген еді. Дәл осы жеңісінен кейін ол Головкиннің IBF бел­дігіне міндетті қарсылас атанды. Екі боксшының арасындағы жек­пе-жек 2020 жылдың басын­да өтуі тиіс болатын, алайда түрлі себеппен айқас бірнеше рет кейінге шегеріле берді. Міне, боксшылар жыл аяғында кездесу өткізіп, жан­күйерлеріне тамаша тартыс сыйлады.

Hard Rock Holly казино-қо­нақүйіндегі айқаста мамандар әу бастан Головкиннің жеңісіне еш күмән келтірген жоқ. Әйгілі бокс сарапшылары бұл жекпе-жек қазақстандық боксшы үшін кезекті бір айқас алдындағы спар­­ринг жаттығу болады деген пі­­кір­лерін де жасырып қалмады. Әрине, польшалық боксшы дең­гей жағынан отандасымыздың бұған дейінгі қарсыластары – Дере­­вянченко, Джейкобс, Альва­рес­­­пен салыстыруға мүлде кел­мейді.

1

Десе де кешегі кешке Камил Шеремета тас-түйін даярлықпен келгені бірден байқалды. Ол ата­ғы жер жарған Геннадий Го­ловкиннен еш қаймықпай ай­қасты деуге де болатын шығар. Тіпті, алғашқы раундта бірінші нөмірмен жұдырықтасып, ашық айқасқа барған Шеремета раунд соңында Головкиннің ауыр соққысына тап болып, нок­даун­ға түсіп қалды. Жекпе-жек­ке дейін пікір білдірген поль­ша­лық боксшы Головкинге қар­сы айқаста бір жыл бұрынғы Дере­вянченконың тактикасын қол­дана­тынын, сол жекпе-жекте украи­налықтың жеңіске жеткенін айтқан болатын. Сергейдің тактикасын ұстанамын деп шаршы алаңға шыққан Шеремета да Деревянченко сияқты алғашқы раундта-ақ нокдаунға ұшырады.

Алайда Шереметаның сағы сынған жоқ. Кейінгі раундтарда да ол Головкиннің соққыларына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға иек артты. Бірақ екінші раундта да көп соққы өткізіп алған Ка­мил тағы да есеңгіреп қалды. Тек үшінші раундқа кел­генде польшалық боксшы Голов­кин­нің ауыр соққыларынан сы­тылып шығып кете алды. Ал төр­тінші үш минуттықта Шере­мета отандасымыздың се­­рия­­лық соққыларынан кейін кез­десудегі үшінші нокдау­ны­на ұшырады. Бұндай соқ­қы­лардан кейін Головкиннің қарсыластары әдетте жекпе-жек­ті жалғастырудан бас тартып жататын. Камил бұлай істеген жоқ. Бесінші және алтыншы раундта отандасымыздың қарқыны сәл саябырсығанын байқаған Шеремета енді өзі соққы жасауға тырысты. Бірақ оның соққылары Генаға еш қауіп тудырған жоқ. Былайша айтқанда, Головкин оның соққыларын шыбын шақ­қан құрлы көрмеді. Жекпе-жек бел ортасынан ауып, жетінші раундқа келгенде Шеремета тағы да ринг­тің бесінші бұры­шын іздеп кетті. Бұл жолы Го­лов­киннің джеб соққысы көз­деген жерге дәл тиді.

Жетінші раундтан кейін кез­десудің әрі қарай жалғаспайтыны белгілі болды. Раунд аралық үзі­лісте польшалық боксшының бапкерлері төрешіге жек­пе-жек­­те­н бас тартатынын айтып, Камил Шеремета жеңілгенін ресми мойындады.

Осылайша, 38 жастағы жер­лесіміз Геннадий Головкин IBF жəне IBО нұсқалары бойынша əлем чемпионы атағын сәтті қор­ғады. Бұл – оның кəсіпқой рингтегі 41-ші жеңісі. 36 бəсекені GGG нокаутпен аяқтады. Бір рет ұтылып, тағы бір жекпе-жекте тең есеп тіркелді. Сонымен қатар әлем чемпионы атағын қорғау жағынан рекорд жаңартып (21 мәрте), кәсіпқой бокс тарихына өз есімін тағы бір рет ал­тын әріптермен жаздырды. Бұған дейінгі рекорд Бернард Хоп­кинске тиесілі болатын. Ол өз ата­ғын 20 рет қорғаған еді.

Compubox сайты ұсынған статистикалық мəліметке жүгін­сек, осы айқас барысында Го­ловкин 554 соққы жұмсап, со­ның 228-і қарсыласына дəл тиді. Бұл – 41 пайыздық көр­сет­кіш! Шеремета 317 рет жұ­дырығын дәл сілтеген екен. Соның 94-і нəтижелі болды. Бұл – 18 пайыздық көрсеткіш!

Жекпе-жектен кейін пікір білдірген Геннадий Головкин барша қазақстандықтарды Тә­уел­сіздік мерекесімен құт­тық­тап, алдағы жоспарын ортаға салды. «Ең әуелі отандастарымызды Тәуелсіздік күнімен шын жү­ректен құттықтаймын. Біз біргеміз – мық­тымыз. Жекпе-жекке келер болсақ, бүгін же­ңіс­ке жет­кеніме және шаршы алаң­ға қайта оралғаныма өте қуаныштымын. Шеремета ма­ған тосын сый болған жоқ, өйткені оның деңгейі әуелден-ақ белгілі еді. Мен рингте өзімді жайлы сезіндім. Камил Шеремета және оның командасына өз алғысымды білдіремін. Жекпе-жекті бастапқы раунд­тарда-ақ аяқтап тастауы­ма болар еді. Бірақ жекпе-же­гім­ді тағатсыздана күткен жан­күйер­леріме керемет бокс шоуын ұсынғым келді.

Келесі жекпе-жегім кіммен өтуі мүмкін?! Мен кез келген қар­сыластың ұсынысын қа­рас­­­тыруға дайынмын. Соның ішін­де «Канело» мен Смит жекпе-жегінің жеңімпазымен де жо­лыққым келеді», деді Головкин.

Айта кетейік, осы бокс ке­шін­де жұдырықтасқан тағы бір жерлесіміз Əли Ахмедов эквадорлық Карлос Гонгормен IBO тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағы үшін жұ­ды­рықтасып, нокаутпен жеңі­ліп қалды. 12 раундқа дейін жер­лесіміз ұпай саны бойынша алда келе жатқан. Алайда соңғы раундта қарсыластың ауыр соққысын өткізіп алғаннан кейін жекпе-жекті жалғастыра алмады.

egemen.kz