Ербол Мырзабосынов таеквондодан әлем чемпионы атанған Айым Серікбаеваға құрмет көрсетті
Бұл туралы Туризм және спорт министрлігінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов жуырда Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында өткен таеквондодан (WT) юниорлар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпаздары мен жүлдегерлерімен кездесті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Кездесу барысында министр спортшыларды жоғары жетістіктерімен құттықтап, олардың жеңісі ел мерейін үстем ететін маңызды нәтиже екенін атап өтті.
Өзбекстанда өткен таеквондодан (WT) юниорлар арасындағы әлем чемпионатында отандасымыз Айым Серікбаева әлем чемпионы атанды. Бұл нәтиже отандық спорт үшін тарихи маңызға ие. Бұған дейін еліміздің өкілі осы жас санатында соңғы рет 2006 жылы Жалғас Бекқасымов әлем чемпионы атанған болатын. Араға 20 жыл салып, бұл жетістікті Айым Серікбаева қайта жаңғыртты. Чемпионат қорытындысы бойынша Айым Серікбаева «Үздік спортшы» атағына ие болды.
Сондай-ақ юниорлар арасындағы әлем чемпионатында Ерасыл Ерзат, Ислам Медетбай, Алидар Әбдікәрімов және Әділет Шері қола жүлдегер атанып, ел қоржынына жүлде салды.
Кездесу барысында министр спортшылардың табысты өнер көрсетуінде жаттықтырушылардың еңбегі зор екенін атап өтіп, олардың кәсібилігі мен жүйелі жұмысы жоғары нәтижелерге жол ашқанын жеткізді.
Жиын соңында Туризм және спорт министрлігі мен Қазақстан таеквондо федерациясы атынан спортшылар мен жаттықтырушылар марапатталып, оларға Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табысталды.