Футбол: Премьер-лигада 14 команда ойнайтын болды

35

Биыл футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігіне 14 команда қатысатын болды.

Бұл шешім бүгін өткен Қазақстан футбол федерациясы атқару комитетінің отырысында қабылданды. Былтыр Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде алғашқы турларда 12 команда қатысқан болатын. Сәл кейінірек қаржы мәселесіне байланысты Павлодардың «Ертісі» жарысты жалғастырудан бас тартты. Нәтижесінде ел біріншілігінде 11 команда сынға түсті. Олардың арасынан соңғы орынды місе тұтқан Көкшетаудың «Оқжетпесі» бірінші лигаға түсіп қалды. Бірінші лигада екі конференцияда жеңімпаз атанған «Ақтөбе» мен «Атырау» командалары үздіктер қатарына қосылды.

Биыл Премьер-лигада бақ сынайтын қалған екі команда әзірге белгісіз. Сарапшылар бұған Оралдың «Ақжайық» және Түркістан облысының «Арыс» командалары қол жеткізуі мүмкін екенін айтады.

Сондай-ақ, аталған шара барысында қысқы трансферлік мерзімнің уақыты белгіленді. Командалар 25 қаңтар мен 17 сәуір аралығында жаңа ойыншыларды тіркей алады.

inform.kz