Хоккей: «Барыс» «Ак Барстан» жеңіліп қалды

31

Құрлықтық хоккей лигасы аясында «Барыс» бүгін, 12 қаңтарда елордада Ресейдің «Ак Барс» (Қазан) командасымен кездесті.

Айта кетерлігі, ресейлік клуб биыл турнирде жақсы ойын өрнегін көрсетіп келеді. Қазір турнир кестесінде көш басында тұр. Сондықтан «Барыс» үшін бүгінгі кездесу оңайға соқпайтыны белгілі еді.

Есепті алғашқы болып «Ак Барс» командасы ашты. Оны 13-минутта Кирилл Петров өзінің еншісіне жазды. Бұдан кейін қазақстандық команда сапынан Кирилл Панюков 15, 21-минуттарда мергендігімен көзге түсіп, «Барысты» алға шығарды. Ал ресейлік клуб сапынан Найджел Доус 22, Станислав Галиев 23, Патрис Кормье 41-минуттарда гол соғып кетті.

Кездесуде «Ак Барс» 4:2 есебімен басым түсті.

«Барыс» бұдан бұрын 8 қаңтарда Ресейде «Автомобилист» командасын тізе бүктірді.

Енді «Барыс» елордада 14 қаңтарда Ресейдің «Салават Юлаев» (Уфа), 17 қаңтарда «Амур» (Хабаровск) командаларын қабылдайды.

inform.kz