Көгалда өскендер көгалдағы хоккейден мықты болып тұр

0

2016 жылы Талас ауданы әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы, кір тасын көтеруден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері Ерік Мамадияров ауданда көгалдағы хоккейді дамытуды ойлап, Таразда жүрген білікті бапкер, кезінде көгалдағы хоккейден КСРО-ның қола жүлдегері атанған Қанат Нақыповты аттай қалап алдырады.

Қанат Мэлсұлының бапкер болып келуімен Таласта көгалдағы хоккей жанданып сала береді. Көгалда өскен балалар көгалдағы хоккейді жатырқамай, меңгеріп кетіпті. Ұлдары да, қыздары да мықты. Сөйтіп 2018 жылы Қызылорда қаласында қыздар арасында өткен республикалық жасөспірімдер чемпионатында таластық қыздар чемпион атанды. Осы жылы таластық бұрымдылар Қаратауда өткен ҚР кубогының да жеңімпазы болып, 12 қыз ҚР Мәдениет және спорт министрлігі спорт комитетінің марапатына ие болды. Ал 2019 жылы Талдықорғанда ұлдар арасында өткен жасөспірімдер чемпионатында таластық жігіттер алтыннан алқа тағынған. Мұндай ірі жеңістер тек ғана ізденіспен, маңдай термен келетіні белгілі. Мұны аға жаттықтырушы Қ.Нақыпов пен көмекші жаттықтырушылар Дулат Шыныбек пен Марал Мэлсованың тынымсыз еңбегі, қайсарлығы деп түсінгеніміз абзал. Әйтпесе, өз тарихында көгалдағы хоккейдің бірде-бір нышаны болмаған Қаратаудан қаптаған чемпиондар қайдан шықсын?! Қазір Таласта көгалдағы хоккейден 27 спорт шебері, 33 спорт шеберлігіне үміткер жасөспірім бар. Қазіргі таңда спорт шеберлері Сәбина Берденова, Алтынай Арынбай, Феруза Ескермес, Мөлдір Орманбек, Зарина Ералиева әйелдер арасында Ұлттық құрама сапына алынса, Дәурен Мэлсов, Азат Қуатов, Тілеуқабыл Пірмановтар Қызылорданың «Қайсар» командасында (көгалдағы хоккейден) ойнап жүр. Міне, тынымсыз тер төгілген төрт жылдың нәтижесі. Былтыр аудан басшылары көгалдағы хоккейге арнап спорт алаңшасын салып беріпті. Қазір сол спорт алаңшасында кілең чемпиондар тер төгіп жатыр. Мұндай қамқорлық оларды ынталандыра түсетіні белгілі.

– Кезінде біздің Алматының «Динамосы» көгалдағы хоккейден 19 мәрте КСРО чемпионы болды ғой. Соны шәкірттеріме үлгі ретінде айтып отырамын. Ал қазір Алматы, Қызылорда облыстарының көгалдағы хоккейден 35-40 жылдық тарихы бар. Ал біздің ауданның жасөспірімдері спорттың осы түрімен 4 жылдан бері ғана айналысады. Сонда да ел чемпионы атандық. Чемпион команда дайындау оңай емес. Таңғы сағат 6-дан тауға қарай 8 шақырым жүгіріп қайтамыз. Бұлар 15-16 жастағы жасөспірімдер. Мәселен, «Қайсар» клубына алынған балалар 100 мың теңге жалақы алады.16 жасар спортшылар үшін бұл жақсы табыс, ата-аналарына жақсы көмек. Өздерінің соңынан келе жатқан жасөспірім спортшыларға да үлгі, – дейді аға жаттықтырушы Қанат Нақыпов.

Жанашыр басшы, жақсы маманы бар ауданнан әлі талай чемпиондар шыға береріне біз де сендік.

Есет Досалы

Leave A Reply

Your email address will not be published.