«Лазер» сияқты шабандозды түсінетін тұлпар көрген емеспін»

0

Бүгінде өңірдің ат спорты еліміз бойынша алдыңғы қатарда келеді. Ол үшін «Әулиеата» көкпар клубының жетістігін айтсақ та жеткілікті. Орта Азияға танымал команда сапында осыған дейін тақымы тастай талай шабандоздар шапқаны белгілі. «Ат тұяғын тай басар» демекші, қазіргі таңда аға буынның салып кеткен сара жолын абыроймен жалғап келе жатқан жас шабандоз Құрманбек Тұрғанбектің орны айрықша.

– Құрманбек, бүгінде елімізге танымал шабандоздардың бірісіз. Жалпы көкпарға қызығушылығыңыз қалай оянды? Әңгімемізді осыдан бастасақ…
– Мен Жамбыл ауданы­ның Тоғызтарау ауылында дүниеге келдім. Ауылда өскен соң апта сайын жаппай көкпар өтіп тұратын. Сол бәсекелерді бала кезден барып тамашалайтынмын. Үлкендердің көкпарына қарап қызығушылығым арта түсті. Бұдан бөлек, аталарым көкпар шапса, ағаларым да әлі ат үстінде жүр. Сондай-ақ нағашыларым да үлкен көкпаршылар әулеті. Солардың осындай қасиеті бойыма дарыса керек-ті. Менің де атқа қонып, көкпар тартуға әуестігім оянды. Тақымым қатая бастаған 13-14 жасымнан бастап додаларға түсе бастадым.
Кейіннен «Әулиеата» ат спорты клубына жасөспірімдерді алу үшін іріктеу болды. Мен де сол іріктеуде бағымды сынап, бірден клуб басшысы, есімі елімізге белгілі Нұрдәулет Момынов ағамыздың көзіне түсіп, 2012 жылы облыстың бас командасының сапына алындым.
– Алғашқы салымдарыңыз жайлы айта кетсеңіз. Кімнің атымен салынды, жүлдеге не тігіліп еді?
– «Әулиеата» ат спорты клубының құрамына енген жылы жасөспірімдер арасында ел біріншілігі өтті. Сол бәсекеде өте жақсы өнер көрсетіп, «Ең үздік ойыншы» атандым. Бұл жетістік одан әрі қанаттандыра түсті. Әр ойын сайын өз-өзімді шыңдап, додалардағы шабуылдық әдіс-тәсілдерімді жетілдіре түстім. Еңбегім еш кетпесе керек, 2014 жылы «Алтын тұғыр» аталымына қол жеткіздім. Айта кетер жайт, бұл марапат жыл бойы ең көп салым салған көкпаршыға беріледі. Бұдан өзге шабандоздың спорттық шеберлігі де назарға алынады. Сол секілді бұл аталымға 2019 жылы кезекті рет қол жеткіздім. 2018 жылы өткен бүкіләлемдік көшпенділер ойынында Қырғыз Республикасының Президенті тағайындаған «Ғасыр шабандозы» атағына ие болдым. Бұл сында 37 салым салып, үздік атандым.
Сонымен қатар алдыңғы жылы елімізде өткен жастар арасындағы Азия чемпионатының жеңімпазы болып, бүкіләлемдік этно-спорт қауымдастығының басшысы Біләл Ердоғанның қолынан «Жылдың ең үздік жас спортшысы» деген марапатты алдым. Аталмыш марапат бүкіл әлемдегі спортшыларды саралап барып ғана беріледі екен. Сол секілді 2019 жылы ақтық бәсекедегі өнерім үшін «Үздік ойыншы» атандым.
Баршаға мәлім, мен командалық көкпардан өзге жаппай көкпарда да бақ сынап жүрмін. Бұл сында команданың емес, қарапайым ат баптаушылардың тұлпарымен өнер көрсетемін. Жалпы жаппай көкпарда ауыз толтырып айтатын алғашқы жетістігім – автокөлік ұттым.
– Қазіргі таңда еліміздегі көкпардан өтетін чемпионаттардың барлығында салым қазандыққа емес, шеңберге тасталып жатыр. Мұндағы айырмашылық неде?
– Соңғы екі-үш жылдың көлемінде салымды шеңберге тастап келе жатырмыз. Мен алғаш додаға түскенімде қазандыққа ойнадық. Ол кезеңде де «Үздік ойыншы» атанып жүрдім. Бүгінде шеңберге шауып жүрсек те үздіктер қатарынан түскен емеспін. Рас, қазандыққа шабу қауіптірек деп айтылып жатады. Бірақ көкпар спортының өзі қауіпті ғой. Шындығында, қазандыққа ойнағанда жарақаттар көп болатын. Оның үстіне тұлпарлар да жиі жарақат алатын. Басшылық осыны ескерсе керек, серкені шеңберге тастау туралы тоқтамға келді. Оның бір қызығы бар. Мұнда ептіліктен бөлек, жылдамдық та керек. Сондай-ақ аттың жылдамдығы мен серкенің түсетін жерін есептей білу қажет. Ал қазандық күшті талап етеді. Мен үшін екеуінің айырмашылығы жоқ.
– «Әулиеата» командасының тұлпарлары жайлы айта кетсеңіз. Бүгінде қандай тұлпармен сынға түсіп жүрсіз? Орта Азияға танымал болған «Лазердің» орнын басатын тұлпарлар командада бар ма?
– Бүгінде «Әулиеата» көкпар командасы өте танымал екенін білесіздер. Әлбетте, шебер шабандоздар мен бабы келіскен тұлпарларсыз мұндай нәтиже көрсете алмайтынымыз ақиқат. Қазірде шабандоздар мен тұлпарлардың қарымы мықты. Команда сапына алғаш алынған жылдары «Аю», «Қара доллар» атты арғымақтармен өнер көрсеткен едім. Оның ішінде «Аю» атты тұлпар да «Алтын тұғырды» алғанын айта кеткен жөн. Сол секілді Орта Азияда теңдесі жоқ «Лазермен» де додаға түскенімді мақтан тұтамын. Соңғы 2-3 жыл осы тұлпарды тізгіндедім. Шындығында, бұл тұлпар ғасырда бір туатын жануар ғой. Адамды ол секілді ешбір тұлпар түсінбейді. Қазіргі таңда «Лазер» мен «Аю» жоқ. Нұрдәулет Момынов ағам менің икеміме келетін «Алға» атты тұлпарды алып берді. Бұл ат Шу ауданының Алға деген ауылынан шыққан. Бүгінгі біз шауып жүрген шеңбер жүйесіне таптырмайтын ат. Өте мықты жылқы. Бұдан бөлек «Нұрқасқа», «Абырой» деген керемет тұлпарлар бар. Рас, «Лазердің» орнын мына ат басады деп дөп басып айта алмаймын. Бірақ оның құлындары тәрбиеленіп жатыр. Түбінде біреуі болмаса, біреуі топты жарып шығады деген сенім бар. Командалық көкпарда жекпе-жек сайысы өте маңызды. Бізде бұған «Абырой» мен «Алға» атты тұлпарлар шығып жүр.
– Әңгімеңізге рақмет! Алдағы бәсекелерде сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.