«Мағыстаудан Парижге». Бейнеулік зейнеткер жазғы олимпиаданы көруге велосипедпен аттанды
Ол бұл сапарында 5000 шақырымды еңсермек
Маңғыстаулық зейнеткер 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына велосипедпен жетуді мұрат еткен. Күні кеше жолға шыққан қария жоспар бойынша 7 мемлекет аумағын кесіп өтпек, деп хабарлайды Jambylinfo.kz
Маңғыстау облысының қоғамдық коммуникациялар қызметінің дерегінше, 64 жастағы зейнеткер Бейнеу ауданының тумасы. Раббим Борашев зейнет жасына дейін құрылыс саласында қызмет еткен. Соңғы жылдары велосипед тебуге қызығушылығы оянып, бірнеше велошеруде бақ сынапты.
Ал, күні кеше маңғыстаулық Раббим Борашев 26 шілде мен 11 тамыз аралығында Парижде өтетін жазғы олимпиада ойындарына велосипедпен жету үшін жолға шықты.
Велошабандоздың айтуынша, Парижге велосипедпен аттану біраз дайындықты қажет еткен. Жоспар бойынша ол 7 мемлекет аумағын кесіп өтіп, 5000 шақырымды еңсермек.
- Олимпиадаға бару менің әуелден арманым. Жас кезімде мүмкіндік болмады. Қазір осындай шешім қабылдаудың уақыты жетті,- дейді Раббим Борашев.