Отарда спорттық-сауықтыру кешені ашылды

0

Жаңа жыл қарсаңында Жамбыл облысында тағы бір спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Бұл жолы нысан Қордай ауданы, Отар ауылында пайдалануға берілді.

«Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы бойынша спорт кешенінің құрылысына 324 миллион теңге бөлінген.

Ауыл тұрғындарын қуанышты оқиғамен құттықтаған аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев бұқаралық спортпен айналысатын тұрғындар санын арттыру мақсатында биыл облыста 13 спорттық-сауықтыру кешені мен 92 спорт алаң салынғанын атап өтті.

— Спортшыларымыз әлемдік аренада мемлекеттің абыройын көтереді, ел намысын қорғайды. Олардың сабақтастығы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып отыруы керек. Осы орайда облыста заманауи спорттық нысандар бой көтеруде. Бүгінгі балалар ертең чемпион атанып, жеріміздің даңқын асырады деп сенеміз. Бұған дейін Отар ауылында спорт кешені мен Мәдениет үйі болған емес. Ел басшылығының қолдауының арқасында бұл мәселе шешілуде, — деді Бердібек Сапарбаев.

Жаңа кешенде 300-ге жуық бала жаттыға алады. Нысан ойын алаңымен, күрес және спорт залдарымен, үстел теннисіне арналған бөлмелермен жабдықталған. Ауыл тұрғындары футбол, волейбол, баскетбол, күрес секцияларына қатысып, үстел теннисін үйрене алады.

Жас футболшылар аймақ басшысының сыйлыққа берілген доптарын қуана қабылдады.

«Мен балаларымыздың өз ауылымызда орналасқан заманауи, жайлы кешенде жаттығатынына қуаныштымын», — дейді ауыл тұрғыны Зәбира Майшыбекова.

Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Дидар Молдағали жақында ғана Әлжан-ана ауылында осындай кешен ашылғанын, 31 желтоқсанда Бетқайнар ауылында тағы бір спорт нысанының құрылысы аяқталатынын айтты. Келесі жылы аудандағы Қарасай, Қарасу, Аухатты және Сарыбұлақ ауылдарында спорт кешендерінің құрылысы басталмақ.

Leave A Reply

Your email address will not be published.