Қазақстанның жастар құрамасы Израильді ұтты

0 41

Қазақстанның жастар құрамасы «Еуро-2021» додасы аясында өткен іріктеу турнирінің кезекті турында Израиль футболшыларынан басым түсіп, өз жанкүйерлерін қуантты.

Назаретте өткен бәсекеде қос команда да жеңіске жету үшін барын салды. Қос тарап та аянып қалған жоқ. Десек те ұзаққа дейін олар бір-бірінің қақпасынан саңлау таба алмай, біраз әбігерге түсті. Тек бірінші кезеңнің соңғы секундтарында Елхан Астанов мергендік танытып, жерлестерімізді алға шығарды. Үзілістен кейін де жоғарыдағы жағдай қайталанды. 90+1 минутта Итамар Швиро таразы басын теңестірді. Алайда жергілікті жанкүйерлердің қуанышы ұзаққа созылмады. Арада үш минутке жетер-жетпес уақыт өткенде Оралхан Өміртаев нысананы дәл көздеп, Қазақстан құрамасына жеңіс сыйлады. Есеп – 1:2.

Іріктеу турнирінің алтыншы тобында өнер көрсететін жерлестеріміз осы жеңістен кейін екінші орынға көтерілді. Әзірге қоржынымызда 10 ұпай бар. Ал көш басында – Испания құрамасы. Пиреней түбегінің түлектері 16 ұпайды еншілеп отыр. Келесі кездесуді біз 8 қазанда өз алаңымызда Солтүстік Македонияға қарсы өткіземіз.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.