«Қызыл қағаз» алмаған футболшылар

60

Футболдан Испания Суперкубогының финалында Аргентинаның және Испанияның «Барселона» клубының шабуылшысы Лионель Месси «қызыл кәртішкемен» жазаланып, матчтың аяқталуына бір минут қалғанда алаңнан қуылды. Бұл – аргентиналық футболшының «Барселона» жейдесіндегі 753 ойында (осы ойындарда жалпы 61 360 минут уақыт алаңда ойнаған) алған тұңғыш «қызыл кәртішкесі». Дегенмен, бұл оның карьерасындағы алғаш рет алаңнан шеттетілуі емес. Бұған дейін Месси 2005 жылы Мажарстан құрамасымен өткен жолдастық ойында алаңға екінші таймда шығып, бірнеше минуттан кейін тәртіпсіздігіне байланысты кездесуді мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болған еді.

Бұл оқиғадан кейін жан­күйер­­лерде футбол әлемінде ең салмақты спортшы деген Мес­сидің өзі «қызыл кәртіш­кемен» жаза­ланған соң, тәртіпті футболшылар қалмаған шығар деген ой қылаң бергені рас. Өйткені аргентиналық саңлақты айт­пағанның өзінде, жуырда ғана өмірден өткен әй­гілі аяқдоп шебері Марадона, Мадридтің «Реал» клубында жасындай жарқылдаған Зидан, 1998-2015 жылдар аралығында «Ливерпуль» командасының «мо­торы» бол­ған, жасыл алаңда өзін өте сал­қын­­қанды ұстайтын Стивен Джер­рард, өз заманында «Уэльс си­қыршысы» деген мәртебелі атаққа ие бол­ған Райан Гиггз, Португалия фут­болының және әлемнің қазір­гі шоқжұлдызы Роналду, бра­зилиялық аяқдоп шебері Неймар және тағы басқа атақты футболшылар кемінде бір мәрте болсын «қызыл кәртішке» алған. Әйткенмен, жоғарыдағы футболшылар сияқты жұлдыз деңгейіне жетсе де, мүлде «қызыл кәртішке» алмай, бутсасын шегеге ілген де, әлі күнге дейін статис­тикасын бұзбай доп теуіп жүрген де ойыншылар бар екен.

Мәселен, тәртіпті футбол­шы­лардың көшін Франция футболы тарихындағы ең үздік шабуылшы және әлемнің тірі аңызына айналған Мишель Платини бас­тап тұр. Үш мәрте «Алтын доп» сыйлығын иеленген ол «Нант», «Сент-Этьен» және «Ювентус» клубтарының ардагері саналады. Платини 17 жылға жуық жасыл алаңда өнер көрсетсе де, төрешілер тара­пы­нан бірде-бір мәрте «қызыл кәртішкеге» лайық деп таныл­маған екен.

Мадридтің «Реал» клубының аңыз футболшысына айналған Рауль Гонсалес те алаңдағы тәр­тіпті ойынының арқасында тәп-тәуір жетістікке жеткен. Испания құрамасының экс-шабуылшысы УЕФА Чемпиондар лигасының үш дүркін жеңімпазы (1998, 2000, 2002), осы турнирдің екі финалында гол соққан алғашқы футболшы және Испанияның алты дүркін чемпионы атанған. «Реал», «Шальке-04», «Әл-Садд»­ және «Нью-Йорк Космос» ко­ман­даларында 932 матч өт­кізіп, 388 гол соққан. Сонымен қатар Испания құрамасында 44 мәрте мергендігімен көзге түс­кен. Сөйтіп 17 жылдық манса­бында бірде-бір рет алаңнан қуыл­маған.

Ирландия футболының ең жарқын жұлдызы болған Дамьен Дафф 19 жыл кәсіби футболмен шұ­ғылданған. «Челси» және басқа да клубтарда доп тепкен Дафф карьерасын Aустралияның «Мельбурн» командасында аяқ­тады. Жартылай қорғаушы тек клуб­тық деңгейде ғана емес, ұлттық құрамадағы ойындарда да ешқашан алаңнан қуылмаған. Клубтық деңгейдегі ойындарын айтпағанның өзінде, ол бір ғана ұлт­тық құрамада 100-ден аса матч өткізген. Қазіргі таңда Дафф Ир­ландия ұлттық құрамасының көмекші жаттықтырушы қыз­метін атқарады.

Әдетте ең көп «қызыл кәр­тішкені» қорғаушылар алатыны белгілі ғой. Бірақ тасқамал қор­ғаушылардың арасында да «қызыл кәртішкемен» жаза­лан­баған футболшылар бар екен. Соның бірі және бірегейі – гер­маниялық Филипп Лам. Бундеслига ойындары өте тартысты өтетінін ескерсек, «қызыл кәртішке» алмау қорғаушы үшін оңай шаруа емес екені айтпаса да түсінікті. Германиялық клубтарда жалпы саны 765 ойын өткізген Лам 22 мәрте әртүрлі дәрежедегі кубоктарды басынан асыра көтерген. Оның ішінде әлем чем­пио­натының кубогы бар екені де кісі қуантады.

Жасыл алаңда нәтижелі ойын­ көр­сетіп қана қоймай, осы күн­ге дейін бірде-бір рет «қызыл кәр­тішке» алмаған Ка­рим Бен­зема биыл өзінің кә­сіп­қой фут­болдағы 17-мау­сы­мын, ал «Реал­дағы» 12-маусымын өткізіп жа­тыр. Кейде дыз ете қа­латын фран­ция­лық футболшы үшін 16 жыл бойы «қызыл кәртішке» алмау – шын мә­нінде ғажап нәтиже. Бүгінге дейін оның еншісінде 700-ден аса ойын, әртүрлі деңгейдегі 28 жүл­­де бар. Бензема мен «Реал» ара­­сындағы келісімшарт келесі жыл­дың жазында аяқталады. Шабуылшының өзі мансабын өзіне жақсы таныс «Лион» коман­дасында аяқтағысы келетіні жиі айтылады.

World Soccer басылымының нұсқасы бойынша XX ғасырдың таңдаулы футболшыларының қатарына енген ағылшын фут­болы­ның жұлдызы Гари Линекер де тәртіпті футболшылардың қатарында. Өз дәуірінде «Лес­тер», «Эвертон», «Барселона», «Тоттенхэм», «Нагоя Грампус» клубтарында және бірнеше жыл Англия құрамасында өнер көр­сеткен Линекер барлығы 567 матч өткізіп, қар­сы­лас қақпасын 281 мәрте дәл көз­деген. Сондай-ақ әлем чем­пио­наттарындағы гол саны бо­йын­ша (10 гол) Англия құра­ма­сының рекордшысы саналады.

Талай жыл «Барселона» клубы мен Испания құрамасын өрге сүйреген жасыл алаңның тағы бір сиқыршысы Андреас Иньеста бүгінге дейін 750 матч өткізсе де, ешқашан алаңнан қуылмаған. Үндемей жүріп көп іс тындыратын ол бүкіл әлемге ерекше талан­тымен ғана емес, тәртібімен де танымал. Есім-сойына Maestro атағын ілестіріп алған ол Испания құрамасымен бірге бір мәрте әлем чемпионатында, екі рет Еуропа чемпионатында топ жарды. Иньестаның ОАР-да өткен жаһандық біріншіліктің финалында соққан голы Испанияға 40 жылдан кейін әлем чемпионы атағын сыйлағанын білмейтін фут­бол жанкүйері кемде-кем шығар.

Келесі кейіпкеріміз – жасыл алаң­дағы және одан тыс жерлер­дегі адалдығы мен қарапайым­дылығы арқасында 1982 жылы Италия құрамасымен бірге әлем чемпионы атанған «Скуадра Адзурра» өкілі – Гаэтано Ширеа. Сол уақыттан бері ол Италия футболының джентльмені атанып кеткен. Ширеа 16 жылдық кәсіби мансабының 14 жылын «Ювентус» клубында өткізіп, УЕФА-ның барлық үш басты клубтық турнирінде жеңіске жеткен алғашқы ойыншы саналады. Мансабын аяқтағаннан кейін ол «Ювентус» клубында скаут­ қызметін атқарды. Өкінішке қа­рай, даңқты футболшы 1987 жылы Польшада жүріп жол апаты­нан қаза тапты.

Даниялық футболшы Микаел Лаудроп әр жылдары Испания, Дания, Жапония, Италия және Нидерланд чемпионаттарында доп тепкен. Сонымен қатар 16 жасынан бастап Дания ұлттық құра­масына шақырту алған. Еуропа чемпионы атанған Ми­каел Дания құрамасының жей­десін киіп, 104 мәрте жасыл алаңға шыққан. Кейіннен жат­тықтырушы қызметін атқарған ол футболшы кезінде 656 ойынға қатысып, бірде-бір рет төрешіні «қызыл кәртішке» көрсетуге мәжбүрлемепті.

egemen.kz