Рекордтар жаңаруда

0

Әйгілі бразилиялық футболшы Пеле орнатқан рекордтар уақыт өткен сайын бірінен соң бірі жаңарып жатыр. Күні кеше Италияның «Ювентус» клубының шабуылшысы Криштиану Роналду ресми ойындарда соққан гол саны бойынша Пелені басып озды.

Роналду Италия чемпионатының кезекті тур ойынында «Удинезе» (4:1) клубының қақпасын екі рет дәл көздеп, ресми матчтардағы гол санын 758-ге жеткізді. Сөйтіп, ол гол саны бойынша атақты Пеледен озып кетті. Португалиялық футболшыға 758 гол соғу үшін 1 032 матч қажет болды. Ал Пеле жалпы саны 812 ресми ойында 757 гол соққан. Голдар саны жөнінен абсолюттік рекорд чехиялық шабуылшы Йозеф Бицанға тиесілі. Ол 1931-1955 жылдар аралығында 759 мәрте мергендігімен көзге түскен. Алдағы бір-екі ойында Роналдудың бұл рекордты да жаңартатыны анық.

Еске сала кетейік, бұған дейін бір клубта соққан гол саны бойынша Пеленің рекордын аргентиналық футболшы Мессидің жаңартқанын жазған болатынбыз. Месси бір клубта қарсылас команданың қақпасына 644 гол соққан болса, Пеле 643 гол салған.

egemen.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.