Спорт

«Ролан Гаррос» турнирі: Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

«Ролан Гаррос» турнирі: Қазақстандық теннисшілердің қарсыластары анықталды

Парижде «Ролан Гаррос» турнирінің жеребесі тартылып, қазақстандық теннисшілердің қарсыластары белгілі болды. Әйелдер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 18-ракеткасы Елена Рыбакина алғашқы айналымда дүниежүзілік рейтингте 83-орында тұрған румыниялық Сорана-Михаэла Кырстямен кездеседі. Франция ашық чемпионатының 14-ракеткасы болып тіркелген Е.Рыбакина 21-де болса, тәжірибелі қарсыласы биыл 30-ға толды. Әлемнің 27-ракеткасы, 25-тегі Юлия Путинцева рейтингте 79-сатыдағы тағы бір тісққан ойыншы, 34 жастағы бельгиялық Кирстен Флипкенспен кортқа шығады. Рейтингте 76-орында тұрған Зарина Дияс Тунис елінің жарық жұлдызы, әлемнің 35-ракеткасы Онс Жабермен шеберлік байқасады. Ерлер арасында Қазақстанның бірінші, әлемнің 56-ракеткасы Александр Бублик пен рейтингте 87-орында тұрған Михаил Кукушкинге мықты теннисшілер тап болды. А.Бублик Францияның басты үміті, әлемнің 9-ракеткасы Гаэль Монфиспен, ал М.Кукушкин рейтингте 15-орында тұрған италиялық Фабио Фоньинимен айқасады. Қазіргі кезде іріктеу сайыстары өтіп жатқан «Ролан Гаррос» турнирі (жүлде қоры – 38 млн еуро) 11 қазанда мәреге жетеді. Өткен жылы ерлер арасында испаниялық Рафаэль Надаль чемпион атанса, әйелдерден аустралиялық Эшли Барти үздік шыққан болатын. Биыл Р.Надаль сол атағын сақтап қалу үшін сынға түсетін болса, әлемнің 1-ракеткасы Э.Барти коронавирус індетінен сақтанып, маусымды ерте аяқтағандықтан, додаға қатыспайды. 2019 жылы қазақстандықтар онша сәтті өнер көрсеткен жоқ. З.Дияс пен А.Бублик екінші, Е.Рыбакина, Ю.Путинцева және М.Кукушкин алғашқы айналымнан аса алмады. inform.kz