Садриддин Ахмедовтың АҚШ-тағы жекпе-жегі тосын нәтижемен аяқталды

Садриддин Ахмедовтың АҚШ-тағы жекпе-жегі тосын нәтиже көрсетіп, жанкүйерлер арасында қызу пікірталас туғызды.
Кәсіпқой бокста жеңіліп көрмеген бірінші орта салмақтағы қазақстандық былғары қолғап шебері Калифорниядағы Коммерс қаласында мексикалық Элиас Эспадаспен қолғап түйістірді. Ахмедов бұл жолы да кештің басты айқасында өнер көрсетті, - деп хабарлайды Jambylinfo.kz Vesti.kz-ке сілтеме жасап
Он раундқа созылған тартысты кездесуде жеңімпаз анықталмады – жекпе-жек тең нәтижемен аяқталды. Бұл көпшілік күткен нәтиже болмады, себебі Садриддин бұған дейін 15 кездесуінің 13-ін қарсыласын мерзімінен бұрын тоқтатып жеңген еді. Бұл жолы да ол сенімді жұдырықтасқанымен, төрешілер шешімі күтпеген болып шықты – Ахмедовтың өзі де, көрермендер де таңғалды.
Ахмедов үшін бұл – кәсіби мансабындағы алғашқы тең нәтиже. Эспадас үшін де бұл – алғашқы тең есеп: оның қоржынында осыған дейін 23 жеңіс, 6 жеңіліс болған.