Спорт

Софья Берульцева қатарынан үш Премьер-лига турнирінде алтыннан алқа тақты

Бұл туралы Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Қытайдың Лэшань қаласында WKF каратэден 2026 жылғы маусымдағы 3-ші Премьер-лига санатындағы турнир аяқталды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

Ұлттық құрама спортшылары 1 алтын, 2 күміс және 1 қола медальмен жалпыкомандалық есепте 4-орынға тұрақтады.

Кумите бағдарламасында аса ауыр салмақта (+68 кг) Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Софья Берульцева қарсылас шақ келтірмей, тағы жеңімпаз атанды. Ол барлығы 5 жекпе-жек өткізді. Бүгін финалда Непал спортшысы Арика Гурунгтан басым түсті. Екі спортшы осыған дейін 2026 жылдың алғашқы Премьер-лига санатындағы турнирінің финалында кездесіп, Софья ұтқан.

Осылайша, Софья биылғы сәтті сериясын ұзарта түсті. Отандасымыз жылдың басында Ыстанбұл мен Рим Премьер-лигасында топ жарған.

Ерлер арасында -75 кг салмақта әлем чемпионатының жүлдегері Нұрқанат Әжіқанов ақтық сында Энес Булутпен (Түркия) кездесіп, өте тартысты жекпе-жекте жол берді. Есеп: 5-6. Бұл Нұрқанаттың Премьер-лига санатындағы жарыстағы 4-жүлдесі. Ол осыған дейін 2022 жылы Бакуда топ жарған, содан кейін 2024 жылы 2 рет қола жүлдеге ие болған.

Қатарынан 2-ші Премьер-лига жарысының финалына шыққан Әсел Қанай (-61 кг) шешуші айқаста жарыс қожайыны Гон Лимен күш сынасып, қарсыласынан айласын асыра алмады. 

Сонымен қатар Олжас Алтынбек 67 кг дейінгі салмақта Бразилия өкілі Винисиус Фигуероны айқын басымдықпен ұтып, үздік үштікті түйіндеді.

Бүгін тағы 3 отандасымыз - Айжан Бәкірова (-61 кг), Бэлла Самашева (-55 кг) және Диас Анарбеков (+84 кг) қола медаль үшін татамиге шықты. Алайда қарсыласқа жол беріп, Қытайдағы бәсекені үздік бестікте аяқтады. 

Назарыңызға жалпыкомандалық есепті ұсынамыз: 

1. Түркия (2 алтын, 1 қола) 

2. Қытай (2 алтын) 

3. Жапония (1 алтын, 4 күміс, 6 қола) жарысқа ең көп спортшы қосқан команда

4. Қазақстан (1 алтын, 2 күміс, 1 қола)

5. WKF-1 (Ресей 1 алтын, 1 күміс, 2 қола)

Айта кетейік, наурыз айында Рим қаласында өткен Премьер-лига бәсекесінде Қазақстан жалпы есепте 3-орын алған. Енді маусымдағы 4-жарыс Рабат қаласына жоспарланған. WKF каратэден Премьер-лига осы спортта әлем чемпионатынан кейінгі сатыдағы турнир. Оған әр салмақта әлем рейтингіндегі ТОП-32 каратэші қатысады.