Спорт

Төрехан Сабырхан Испанияда өтіп жатқан турнирде алтын медаль жеңіп алды

World Boxing ұйымының әлем чемпионы финалда үндістандық былғары қолғап шебері Дипакпен жұдырықтасты.

Қазақстандық боксшы Төрехан Сабырхан Испанияның Ла-Нусия қаласында өткен Bohap Elite–2026 халықаралық турнирінде топ жарып, алтын медаль иегері атанды, деп хабарлайды Jambylinfo.kz 

World Boxing ұйымының әлем чемпионы финалда үндістандық былғары қолғап шебері Дипакпен жұдырықтасты. Жекпе-жек аса тартысты өтті. Алғашқы раундта қазақстандық боксшы 0:5 есебімен қарсыласына есе жібергенімен, кейінгі екі раундта айқын басымдық танытып, қарсыласын үнемі қысымда ұстады. Төреханның шабуылдары көрермендердің қызу қолдауына ұласып, нәтиже ретінде төрешілер бөлек шешіммен (4:1) жеңісті қазақстандық спортшыға берді.

Осылайша ол 2026 жылдың алғашқы алтын медалін қоржынына салды.

Айта кетейік, Төрехан Сабырхан — Қазақстандағы ең атақты әрі жетістігі мол жас боксшылардың бірі. Ол 2025 жылы Англияның Ливерпуль қаласында өткен World Boxing әлем чемпионатының жеңімпазы, 2024 жылғы Черногорияда өткен жастар арасындағы әлем чемпионы, сондай-ақ жасөспірімдер мен жастар арасында Азияның төрт дүркін чемпионы.