Тағдыр тәлкегіне ұшыраған тұңғыштар
Тағдыр тәлкегіне ұшыраған тұңғыштар
Осыдан дәл 46 жыл бұрын, яғни 1974 жылдың тамыз айында бокстан әлем чемпионатының жалауы тұңғыш рет желбіреді. Кубаның астанасы – Гаванада өткен жарыста сарапқа салынған 11 бас жүлденің бесеуін жергілікті өрендер жеңіп алып, жалпыкомандалық есепте көш бастады. Қоржынында екі алтыны бар КСРО құрамасы екінші сатыға жайғасты. Сондай-ақ АҚШ, Югославия, Уганда және Пуэрто-Риконың былғары қолғап шеберлері бір-бір реттен жеңіс тұғырының ең биік сатысына көтерілді.
Тұңғыш рет төрткүл дүние боксшыларының басын қосқан байрақты бәсекеде КСРО боксшылары арасынан 60 кило салмақта өнер көрсеткен Пермь қаласының өкілі Василий Соломин мен 75 кило салмақта сынға түскен Ташкенттің іргесіндегі Аққорған шаһарының тумасы Руфат Рыскиевтің жұлдыздары жанды. Астраханьдік Борис Кузнецов (57 кило) пен свердловскілік Олег Коротаев (81 кило) күміс медальды иеленсе, куйбышевтік Евгений Юдин (48 кило), донецкілік Владислав Засыпко (51 кило), еревандық Давид Торосян (54 кило) және киевтік Анатолий Климанов (71 кило) қола жүлдені еншіледі.
Елге оралғаннан кейін әлемдік додада жеңіс тұғырына көтерілген жігіттердің барлығына ерекше құрмет көрсетеліп, түрлі сый-сыяпат жасалды. «КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері» атағы беріліп, кейбірінің кеудесінде медальдар жарқырады. Араларында кезектен тыс пәтер алып, «темір тұлпарды» тізгіндегендері де бар. Бір сөзбен айтсақ, Кеңес Одағының спорттық даңқын арттырған сол саңлақтардың барлығы да үлде мен бүлдеге оранды.
Ал одан кейін ше?.. Атағы алысқа жайылған айтулы азаматтардың кейінгі тағдыры қалай болды?... Ең өкінштісі, былғары қолғаптарын шегеге ілгеннен кейін сол боксшылардың кейбірі жаңа өмірге бейімделе алмай, тағдырдың ащысын молынан татты.
Бостандық аралында әлем чемпионы атанып қана қоймай, жарыстың ең үздік боксшысына тиесілі Радьяр Рассел кубогын иеленген Василий Соломин тым қызуқанды болған деседі. Ол демалыс орындарында, көшеде, тіптен жаттығу залында жиі жанжал шығарады екен. Сөзі жараспай қалса, жұдырығын ала жүгіретін болған. Сондай бір оқиғаның салдарынан Соломин әлем чемпионатынан шеттетіле жаздады. Нақтырақ айтсақ, дәл сол жарыс қарсаңында ол түнделетіп өзінің туған қаласы – Пермьдегі мейрамханалардың біріне барады. Сол жерде бір топ мейманмен төбелесіп, барлығын соққыға жығады. Тәртіп сақшылары оны дереу қамауға алады. Бұл іске оның жеке жаттықтырушысы мен жергілікті спорт басшылары араласқаннан кейін барып қана Соломин қамаудан босатылады. Сондай-ақ 1977 жылы Галледе өткен Еуропа чемпионаты қарсаңында ұйымдастырылған оқу-жаттығу жиынында ол КСРО құрамасы бапкерлерінің бірін бүйірден ұрып құлатса, екіншісін бүкіл залды шыр айналдыра қуған екен.
Василий Соломиннің спорттық ғұмырында ауыз толтырып айтарлықтай табыстар аз болған жоқ. Ол әлем чемпионы атанғаннан кейін 1976 жылы Монреаль Олимпиадасында қола медальды мойнына ілді. 1974-78 жылдар аралығында өткен КСРО чемпионаттарын төрт рет ұтып, 1979 жылы күміс жүлдені еншіледі. Мәскеудегі жарыстың финалында Соломин қазақстандық Виктор Демьяненкодан ұтылды. Бұрындары Одақ деңгейіндегі жарыстарда қарсылас шыдатпай жүрген әйгілі боксшы екінші орында қалып қойғанына қатты күйінді. 1980 жылы Демьяненко екінші мәрте топ жарып, Мәскеу Олимпиадасында өнер көрсету құрметін иеленді. Ал төрт жылда бір өтетін жарыстың жолдамасынан қағылған Василий содан кейін шаршы алаңнан мүлде көрінбей кетті.
Атақты боксшы жаңа өмірге бейімделе алмады. Спорттық мансабын аяқтаған соң Мәскеудегі тұрғын үй пайдалану мекемесіне жұмысқа орналасты. Ішімдікке әуестенген спортшы ол жерде көп тұрақтамады. Одан кейін теріс жолға түсті. 1985 жылы пәтер тонағаны үшін түрмеге тоғытылды. Соттың үкімі бойынша 10 жылға сотталып, барлық дүние-мүлкі тәркіленді. Төрт жыл өткен соң ісі қайта қаралып, Василий үйіне оралды. Бірақ бостандыққа ол мүлде басқа адам болып шықты. Бұрынғы жігерлі, жалынды, айбарлы, күш-қуаты бойына сыймай тұрған жігіттің құр сүлдері ғана қалған екен. Денсаулығы сыр беріп, ол әзер жүріп-тұратындай халге түсті. Ақыры 1997 жылы 45 жасқа қараған шағында КСРО боксшылары арасынан шыққан тұңғыш әлем чемпионы Василий Соломин жарық дүниемен қош айтысты.
Жаратушы ие дәл сондай тым келте ғұмырды Гаванадағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері Олег Коротаевтың да пешенесіне жазған екен. Ол да небары 44 жыл өмір кешті. Жартылай ауыр салмақта жұдырықтасқан сойқан соққылы жігітті көзі қарақты көрермендер ұмыта қойған жоқ. Коротаев – жоғарыдағы атақтан бөлек, КСРО біріншілігінің үш дүркін жеңімпазы атанып, тағы екі рет жүлдегерлер санатына қосылды. Еуропа чемпионатында қола медальды мойнына ілді.
Ресми халықаралық жарыстарда Коротаев тек Югославияның мақтанышы, Олимпия ойындарының жеңімпазы Мате Парловтан ғана ұтылған екен. Бірақ сол жекпе-жектерде «Олег жеңілді» деп айтуға ауыз бармайды. Себебі Еуропа чемпионатында ол қарсыласын нокдаунға жібергенімен, қапияда қабағы жарылып кетті. Салдарынан төрешілер Парловтың қолын көтерді. Дүниежүзілік додада да дәл жаңағыдай жағдай айна-қатесіз қайталанды. Тағы да сол жарылып кеткен қабақтың кесірінен қолда тұрған жеңістен айрылды.
Кезінде дүлей күш иесі Олег Коротаевтың өнеріне сүйсінбеген жанкүйер жоқ-ау, сірә! Жетпісінші жылдардың басында КСРО-ның бір топ боксшысы АҚШ-қа сапар шегеді. Сонда өткен спаррингтер барысында Олег жергілікті боксшыларды тегістей сабайды. Тіпті, күллі Америка жұрты үкілі үміт артып отырған жұлдыздың бірін ауыр нокаутқа жібереді. Осы оқиғаның куәсі болған әйгілі бапкер, бір шоғыр әлем чемпиондарын тәрбиелеген Анджело Данди: «Егер Коротаев кәсіпқой рингке шығуға тәуекел етсе, 1 миллион долларлық келісімшартқа мен дәп қазір қол қоюға әзірмін», деп жаһанға жар салады.
1974 жылы Гаванадағы әлем чемпионатының жартылай финалында Олег америкалық Леон Спинксті сабады. Ал АҚШ боксшысы кейіннен Олимпия ойындарында топ жарып, кәсіпқойлар арасында аса ауыр салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды. Кезінде Спинкс даңқы жер жарған Мұхаммед Әлидің өзінен айласын асырғанын жанкүйерлер жақсы біледі. Осының барлығын өз көзімен көрген Кубаның көсемі Фидель Кастро КСРО боксшысының өнеріне тамсанғаны соншалық, өзінің жеке тапаншасын қорабынан суырып алып оған сыйға тартқан.
Өзінің спорттық ғұмырында 196 рет шаршы алаңға шыққан Олег Коротаев 187 мәрте жеңіске жетті. 160 қарсыласын нокаутпен ұтты. Соның арқасында «Орыс танкісі» деген лақап атты иемденді. Жасыратыны жоқ, жер жаһанның бірде-бір әуесқой боксшысы дәл осындай орасан зор табысымен мақтана алмайды.
Олегтің мінезі де тік еді. Ол әділетсіздікке төзбейтін. Алдында кім тұрса да өз ойын әркез бүкпесіз айтатын. Басшы ма, бапкер ме, басқа ма... еш қарамайтын. Сол мінезінің кесірінен Коротаев бірқатар маңызды жарыстан шет қалды. Түрлі сылтауды желеу еткен КСРО құрамасының бапкерлері дарыны асқан боксшының бағын байлады. Тіптен, жеке бапкері Георгий Джероян екеуін спорттан шеттетуге дейін барудан да еш арланған жоқ. Соның салдарынан Коротаев 1976 жылы Монреальда алауы тұтанған Олимпия ойындарынан шет қалды.
Қандай да мықтының спорттық дәуірінің әйтеуір бір аяқталатын кезі болады. Олимпиадаға бара алмағаннан кейін «Орыс танкісі» былғары қолғабын шегеге ілді. Көздеген мұратына жете алмаған боксшы айналасындағы адамдарға ренжіп кетті. Одан кейін мүлде басқа өмір басталды. Мейрамхана, би кештері, қыз-қырқын, қаптаған жора-жолдас, айнала толған күмәнді адамдар...
Бірде ол Мәскеудегі «Сказка» мейрамханасында бәзбіреулермен сөзге келіп қалады. Жанжалдың ақыры төбелеске ұласып, қарсы жақтан атып шыққан бір есерсоқ қолындағы графинмен Олегтің басынан ұруға әрекеттенеді. Атақты боксшы оны бір ғана соққымен сұлатып салады. Ес-түссіз құлаған бейбақ ауруханада екі ай бойы емделіп, әзер дегенде есін жияды. Сөйтсе, Коротаевтан таяқ жеген жігіт КСРО-ның Ішкі істер министрі Николай Щелоковтың ұлы екен.
Жанашыр жандардың араша түсуінің арқасында Олег ол кезде жауапкершіліктен оңай құтылады. Бірақ бір бармағын ішіне бүгіп қалған министр Коротаевтың қыр-соңынан қалмай, темір торға тоғытудың әйтеуір бір ретін табады. 1977 жылы бес жылға сотталған боксшы соның үшеуін өтеп, бостандыққа шығады. Бірақ түрме оның өмірін күрт өзгертеді. Қапаста қылмыс әлемінің серкелерімен танысып, олармен тығыз қарым-қатынас орнатады. 1985 жылы Олег тағы да бес жылға сотталады.
Бостандыққа шыққаннан кейін Олег ойлана-толғана келе дәулеті тасыған АҚШ-қа қоныс аударуды жөн көреді. Бұл – 1992 жыл еді. Кеңес Одағы келмеске кеткен. Апай-топай заман. Ол жақта кейіпкеріміздің екі жыл уақыт бойы немен айналысқаны белгісіз. Әйтеуір, алыстағы Америкада да Коротаевтың тыныш жүрмегені анық. Кейбір дерек көздеріне сенсек, «атақты боксшы «орыс мафиясымен» тығыз байланыста болған» деседі.
Ал біздің білетініміз, 1994 жылдың 12 қаңтарында түннің бір уағында Олег Коротаев Нью-Йорк қаласындағы Брайтон-Бич көшесінде орналасқан «Арбат» мейрамханасынан шығады. Бір мезетте артынан аңдып келген киллер оны дәл шүйдесінен атады. «Орыс танкісі» сол жерде тілге келмей жан тәсілім еткен.
Ғалым СҮЛЕЙМЕН egemen.kz