Таразда тағы бір спорт кешені ашылды

55

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласы Қант зауыты аумағындағы 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай пайдалануға берілген спорт кешенінің ашылу салтанаты қатысты.

Құрылысын «ТаразҚұрылысИнвест» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген спорт кешенінде гандбол, кіші футбол, баскетбол, каратэ, таеквондо, грек-рим, еркін күрес, бокс, кикбокс сынды спорт түрлерімен айналысуға барлық жағдай жасалған. Құрылысына 288 миллион теңге жұмсалған кешенде 500 бала тұрақты түрде спортпен шұғылдана алады. Өз кезегінде олар үшін 20-ға жуық білікті жаттықтырушылар қызмет атқаратын болады. Айта кетерлігі, заман талабына сай жабдықталған кешен №2 облыстық мамандандырылған олимпиада жеткіншектерін даярлайтын балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің базасына берілген.

Аталған спорт кешенінің ашылу салтанатында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекетіміздің негізгі мақсаттарының бірі еліміздегі спортты дамыту екенін тілге тиек етіп, оның ішінде бұқаралық спортпен шұғылданатындардың санын арттыру бүгінгі күннің басты талабы екенін жеткізді. Сондай-ақ ол өңірде әлемді мойындатқан бірқатар спортшылардың шыққанын атап өтіп, бұл бағытта оларға жасалатын жағдайлар алдағы уақытта да жалғаса беретінін мәлім етті.

– Кәсібіи спортшылардың жағдайын жақсарту мақсатында өңірде жыл сайын қыруар қаржы бөлініп, спорт нысандары бой көтеруде. Биылдың өзінде өңірде 15 спорт кешені салынуда. Бұған қосымша 92 спорт алаңдары бой көтерді. Бұл үшін 8,5 миллиард қаржы бөлінді. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табатын болады. Біздің ең негізгі мақсатымыз – бұқаралық спортпен шұғылданатындардың, оның ішінде балалар мен жасөспірімдердің санып көбейту. Осы арқылы халқымыздың денсаулығын жақсарту керек. Бүгінгі күні бұл меже аймақты 32 пайызды құрайды. Келер жылы бұл көрсеткішті 40 пайызға жеткізу қажет. Бүгінгі беріліп отырған спорт нысаны осы мақсатта ашылып отыр. Алдағы уақытта бұл кешен таңның атысы, күннің батысы, демалыс демей жұмыс істеу керек. Неғұрлым мұнда жастардың саны көп болса соғұрлым мақсатымыз орындала түспек, – деген Бердібек Машбекұлы кешен аумағындағы №14 орта мектепке де келер жылы жөндеу жұмыстары жүргізілетінін мәлімдеді.

Сонымен қатар кешен аумағынан демалатын саябақ жасалатынын жеткізді. Бұл өз кезегінде жастар мен жасөспірімдердің бос уақыттарын өткізуге ыңғайлы сүйікті орынына айнала түспек.
Салтанатты шарада мұнан соң сөз тізгіндеген облыстың Құрметті азаматы, өңірге еңбегі сіңген белгілі бапкер Марат Жақып спорт кешенінің ашылуымен көпшілікті құттықтап, аймақ басшылығына алғысын жеткізді. Сонымен қатар ол соңғы жылдары облыста спорт саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарға көңілі толатындығын білдіріп, Қант зауыты аумағының балалары спортқа бейім екенін атап өтті. Себебі, өзі осында бапкерлік еткен кезеңде 40 баладан 25 спорт шебері шыққанын мақтанышпен сөз етті. Сондай-ақ келер жылы Токиода өтетен олимпиадада Жамбыл облысынан чемпион шығатынына кәміл сенімді екенін де жасырмады.