Теннисші Дмитрий Попко Мексикадағы турнирде жеңіске жетті
Ол ATP жаңартылған рейтингісінде 175-орынға көтеріледі
Қазақстандық теннисші, әлемнің 245-ракеткасы Дмитрий Попко Морелия (Мексика) челленджер турнирінде үздік шықты,- деп хабарлайды Jambylinfo.kz.
Қазақстандық теннисші финалда әлемнің 95-інші, осы жарыстың 1-ракеткасы Джеймс Даквортпен чемпиондық атақты сарапқа салды.
Бірінші партияда Дакворт басымдық танытты — 6:1. Бұдан кейін Попко камбэк жасап, таразы басын аудара білді — 6:2, 6:4.
Бір сағат 47 минутқа созылған финалдық матчта Д. Попко 8 эйспен бірге 6 брейк-пойнттың тең жартысын өз есебіне жазды. Дакворт 6 эйс, 3 брейкпен (8 брейк-пойнт) көзге түсті.
Осылайша, 28 жастағы қазақстандық теннисші спорттық жолында екінші челленджер додасының жеңімпазы атанды. Ол 28,4 мың АҚШ доллары көлемінде табыс тауып, 125 рейтингілік ұпайға ие болды.