Тоқаев күні кеше жоғары лауазымға тағайындалған Головкинге үлкен тапсырма жүктеді
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада Ұлттық олимпиада комитетінің президенті Геннадий Головкинді қабылдады, деп жазады jambylinfo.kz.
Ақорданың ақпаратына сүйенсек, кездесуде президент Ұлттық олимпиада комитетінің алдағы жұмысының басым бағыттарына назар аударған. Сонымен қатар Тоқаев Халықаралық олимпиада комитеті аясындағы сенімді және тиімді қарым-қатынасты нығайту маңызды екенін атап өткен.
"Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық құрамалардағы спортшылардың алдағы XXXII жазғы Олимпиада ойындарына даярлығына қатысты зор жауапкершілік жүктелетінін атап өтті. Сонымен қатар лицензиялар санын көбейту және Париж Олимпиадасында елеулі нәтижеге қол жеткізу үшін тиімді жүйе құру маңызды міндет екеніне тоқталды", - деп хабарлайды Ақорда.
Мемлекет басшысының айтуынша, өз әлеуетін таныту үшін спортшыларға барынша қолайлы жағдай жасап, отандық спорттың өркендеуіне кері әсер ететін жағымсыз құбылыстарды жою қажет. Сондай-ақ ұлттық құрамаға спортшыларды іріктеу әділ жүргізілуі керек.