Спорт

"Жақсылық аға Мәскеу олимпиадасындағы алтын медалін бір көрсем деп армандаған еді": Отандық спорт журналистері Жақсылық Үшкемпіров туралы

"Жақсылық аға Мәскеу олимпиадасындағы алтын медалін бір көрсем деп армандаған еді": Отандық спорт журналистері Жақсылық Үшкемпіров туралы

Бүкіл әлемді шарлаған пандемия салдарынан қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров дүние салғанына айдан асып барады. Көз көрген інілері отандық спорт журналистері Есей Жеңісұлы мен Ақырыс Сейтқазы естелік ретінде Жақсылық ағаның орындалмай кеткен армандары туралы сыр шертті.

Танымал спорт журналисі Есей Жеңісұлы Жақсылық Үшкемпіровтің чемпиондығынан бұрын азаматтық тұлғасына тәнті едік деп есіне алды. Көзі тірісінде жасаған жақсылығы ұшан-теңіз еді деген Есей Жеңісұлы чемпионның қазасын ауыр қабылдағанын жеткізді.

"Ол кісінің чемпиондығынан бұрын азаматтық тұлғасын жақсы танимыз. Өйткені ешқашан чемпионмын деп кеуде кермейтін. Барлық қазақты ағайындай, бауырындай жақын көретін. Журналистік жолда жүрген соң ағамызбен бірнеше рет жолықтық. Тіпті, арнайы бағдарламаға шақырғанымда өзі келіп алған екен. Мен ол кезде үйде тұмауратып жатыр едім. Редакциядағы достарыма "аға ренжімесін, мен ауырып жатырмын" деп сәлемдеме жолдадым. Жақсылық аға еш ренжіместен кеткен көрінеді. Екінші рет шақырғанымда да ертерек келген екен. Мен сәл кешігіңкіреп барған едім. "Ұят болды-ау, олимпиада чемпионын күттіріп қойдық" десем, "ой, сіздердей ұлы адамдарды күте береміз ғой" дегені бар. Жақсылық ағамның осында жарасымды әзілдері бар еді", - дейді журналист.

Жеңісұлының сөзінше, сұхбаттасудың реті түскенде Жақсылық Үшкемпіров өзінің кездейсоқ олимпиада чемпионы болмағанын дәлелдегенін айтқан көрінеді.

"Тағы бір сұхбатта 1981 жылы әлем чемпионатында жеңіске жеткені туралы сұрадым. Өйткені ол кісінің олимпиада чемпионы атағы ескерусіз қала береді. Содан бағдарламаға келген кезде "1981жылғы әлем чемпионатына бардыңыз ол кезде жасыңыз отызда болды. Олимпиада чемпионы атағы жетеді ғой сізге" деп сұрағанымда "қателесесің" дегені бар. "Мен олимпиадаға үлкен қиындықпен бардым. Менің жолымды қанша рет кесті. Бүкіл одақтан бірінші Ресей, Украина, одан кейін Кавказ, содан кейін Орта Азия мен Қазақстанға кезек тиетін. 76-жылғы олимпиадаға баруға мүмкіндігім болғанымен бара алмай қалдым. 80-жылғы олимпиадаға Қазақстанның басшылығы араласып жүріп, қанша палуанды жеңіп тұрсам да әрең дегенде жолым ашылды. Сондықтан 80-жылғы олимпидағы чемпиондығым кездесоқ болмағанын дәлелдеу үшін 81-жылғы әлем чемпионатына әдейі барып ұтып алдым. Сол арқылы кездейсоқ олимпиада чемпионы емес екенімді дәлелдедім" дегені бар. Қандай жігер?! Сол кездегі табандылығына өте риза болдым", - дейді Есей Жеңісұлы.

"Бір жолы "Аға, сіздің Мыңбай ауылына салған спорт мектебіңізді көрдім. Ауылға игілікті іс жасап жатыр екенсіз" десем, "Ол - біздің міндетіміз. Жиған байлығымды-қазынамды көрге өзіммен бірге алып кетпеймін" деген бар. Тіпті, Қызылағаш кезіндегі тасқын кезінде де ағамыз ауылдағы малы ағып кеткен жұрттың алдына мал салып берген. Былайша айтқанда ол кісінің чемпиондығынан бөлек осындай жомарттығы мен азаматтығы бізді тәнті ететін", - деген Есей Жеңісұлы Үшкемпіровтің жасылығы көп екенін айтады.

"Тағы бір атап өтетін нәрсе "Қазақтан шыққан тұңғыш олимпиада чемпионы кім: Жақсылық Үшкемпіров па әлде Әлжан Жармұхаммедов ба?" деген бағдарлама дайындалды. Ол кезде ағамыз кішілік танытып, Әлжан ағамыздың қолынан алып "Осы кісі - тұңғыш чемпион. Мен грек-рим күресінен олимпиада чемпионымын" деді. Осы әрекетіне де қатты риза болдым. Дәл осындай құбылыс деңгейіне көтерілген ағаларды көргенімізге, спорттық рухын сезгенімізге азаматтық әрекеттерін көргенімізге шүкір дейміз", - дейді Есей Жеңісұлы.

"Ағамызды қайтыс болды дегенді естігенімізде кеудеміз сыздап, жаман күйді бастан кештік. Ол кісі мәңгі жасай беретіндей көрінеді. Өкіншке орай уысымыздан шығарып алған жағдайымыз бар. Өлшеулі ғұмырын нағыз азаматтық биікте өткізген адам. Иманы саламат болсын. Жатқан жері жайлы болсын", - деген Есей Жеңісұлы Үшкемпіровтер отбасына қайғыра көңіл айтты.

Жақсылық үшкемпіров

Отандық спорт журналистерінің бірі Ақырыс Сейітқазы Жақсылық ағаның спорттық мансабы өте қиын жолмен келгенін айтады. Сол қиындықтарға қарамастан ұстамдылық танытып, өзінің жұлдызды сәтін күтіп, ең соңына дейін күрескен кісі еді деп есіне алды.

"КСРО кезінде 15 одақтас елдің атынан жарысқа шығудың өзі үлкен сын болды. 76-жылғы олимпиадаға сақадай дайын тұрса да орнына басқа біреуді жіберді. Төрт жылдан кейінгі Мәскеу олимпиадасына қатысу-қатыспауы көпке дейін белгісіз болған. Тек олимпиадаға екі күн қалған кезде ғана Үшкемпіровтің күресетіні белгілі болған еді. Бұл спортшы үшін үлкен қысым. Кем дегенде бір жыл бұрын жолдама алып, психологиялық тұрғыдан спортшы жан-жақты дайындалады. Соған қарамастан қатысып, жеңіп шықты", - дейді Ақырыс.

Мәскеудегі олимпиада туралы Ақырыс былайша сыр шертеді.

"Мәскеудегі олимпиада оңай болған жоқ. Ең бірінші қарсыласының өзі әлемнің екі дүркін чемпионы болды. Сонда өзі: "Недеген жолы ауыр адаммын?! Қанша жыл олимпиадаға қатыса алмай жүрдім, неше жыл резервте болдым, енді келіп ең бірінші кездесуде екі дүркін әлем чемпионымен қарсы шығып тұрмын" деп айтыпты. Сонда тренерлері жеңіп шығатынына сенім білдіріп, қолдаған көрінеді. Жақсылық аға Мәскеу олимпиадасындағы алтын медалін бір көрсем деп армандаған еді, өкінішке орай ол арманы орындалмады ", - деген журналист чемпионның өмірде өте жақсы кісі екенін айтудан жалықпайтынын жеткізді.

"Жақсылық аға өмірде де қарапайым, өте жақсы адам еді. Қашан көрсең де ақкөңіл, жайдарлы жүретін, жас-кәрі деп бөлмейтін, тәкаппарлығы жоқ еді. Ол кісі өзінің жетістігін қайталайтын қазақ балуанды қатты күтті. Өкініштісі, Үшкемпіровтің Мәскеудегі ерлігін ешкім қайталай алмады. Сол арманын алдағы Токио олимпиадасында біздің жігіттер орындаса деген тілек бар. Күрестен қырық жылдан бері олимпиада чемпионы болмады, жиырма жылдан бері әлем чемпионы болмады. Осының бәрі ол кісіге ауыр тиді. Күрестегі тау тұлғалы азаматтар енді қайта шығады ма білмедім, бірақ Жақсылық аға бәрінің есінде мәңігілікке қалатыны рас", - деп ойын түйді спорт журналисі.

stan.kz