Жамбы атудан Қытайда өткен әлем чемпионатында Қазақстан алтын медаль иеленді
Ел намысын төрт спортшы қорғады
2024 жылғы 8-13 маусым аралығында Қытай Халық Республикасы, Силин-хот қаласында жамбы атудан (ат үстінде садақ ату) әлем чемпионаты өтті, деп хабарлайды jambylinfo.kz республикалық жамбы ату федерациясына сілтеме жасай отырып.
Чемпионатқа Қазақстан, Австралия, Малайзия, Түркия, Қытай, Индонезия, Катар, Моңғолия, Пәкістан елдерінен және Тайпей мен Макао провинциясынан 60-қа жуық спортшы қатысқан.
Қазақстанның намысын ұлттық құраманың 4 мүшесі: Абзал Тұлыбеков, Айтбек Сарыбай, Нұрсұлтан Бірлікбаев және Батыр Бексауыт қорғады. 4 күнге созылған дүбірлі дода «Мажар», «Азия», «Император», «Саран» стилдері бойынша өтті.
Жарыстың алғашқы күні спортшылар «Мажар» стилі бойынша сынға түсіп, бұл сайыста «Алтын тұғыр - 2023» иегері Батыр Бексауыт үздік үштікке ілінді. Ал алтын және күміс жүлдені Моңғолия елінің мергендері иеленді.
Жарыстың екінші күні мергендер «Азия» нысанасын көздеді. Үшінші күні біздің спортшыларымыз бұрын-соңды атып көрмеген «Император» стилі бойынша жарыс болды. Соған қарамастан ұлттық құрама мүшесі Айтбек Сарыбай осы стильдің күміс жүлдесін жеңіп алды. Алтынға небәрі жарты ұпай жетпей қалғанына қарамастан, бұл –жерлестеріміз үшін жақсы нәтиже.
Жарыстың соңғы күні «Саран» стиліне арналды. Осыған дейін бұл нысананы да көздеп көрмеген мергендеріміз тағы да ерледі. Батыр Бексауыт басты қарсыласымыз саналған моңғол спортшыларының алдын 1 ұпайға орап, алтыннан алқа тақты. Осылайша Қазақстан құрамасы 1 алтын, 1 күміс, 1 қола медальмен әлем чемпионатын аяқтады.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлерді Қытай жамбы ату федерациясының өкілдер құттықтап, бағалы сыйлықтар табыстады.