Жамбыл облысында спортпен шұғылданушылардың саны артқан
Жамбыл облысында спортпен шұғылданушылардың саны артқан
Жамбыл облысында 359,3 мың адам дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысады. Бұл тұрғындардың 31,7 % -ын құрайды. Биыл аталған салада 120 жоба іске асырылып, нәтижесінде спортпен шұғылданушылар саны 10 460 артады деп күтілуде. Бұл туралы бүгін Жамбыл облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Жүнісбеков Нұрбол Әбдімажитұлы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында өткен брифинг барысында баяндап берді. «Облыс бойынша 2594 спорт нысаны тұрақты түрде халыққа қызмет көрсетсе, оның ішінде, 23 дене шынықтыру-сауықтыру кешені, 17 стадион, 1 спорт сарайы, 436 футбол алаңы, 652 спорт зал, 1429 спорт алаңшасы және 36 басқа да нысандар бар»,- деді, спикер өз сөзінде. Сонымен қатар, облыстың бас спортшысы Нұрбол Әбдімажитұлы халықты спорттық инфрақұрылыммен қамтамасыз ету арқылы дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар санын арттыру мақсатында арнайы индикатор енгізілгенін және бағдарлама аясында 2020 жылы 120 жоба, оның ішінде: 13 дене шынықтыру сауықтыру кешендерінің құрылысы, 2 нысанда күрделі жөндеу, 1 нысанда қайта жаңғырту, 12 нысанда ағымдағы жөндеу және 92 спорт алаңшасын орнату жұмыстары іске асырылып, нәтижесінде шұғылданушылар саны 10 460 адамға артатынына да тоқталды. Айта кетейік, бүгінгі күні дене шынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысушылар қатары 359,3 мың адамды немесе өңір тұрғындарының 31,7 % құрайды.
Кәмшат ҚАДЫР