«Жекпе-жекке дайынсың ба, Джонни?»
«Жекпе-жекке дайынсың ба, Джонни?»
Қазақстандық аралас жекпе-жек шебері Жалғас Жұмағұлов әлеуметтік желілер арқылы америкалық оғлан Джон Додсонды шайқасқа шақырды. Ол өзінің Додсонға қарсы жекпе-жекке сақадай сай екенін тіліне тиек етті.
Жалғастың ұсынысына америкалық спортшы өзіне тән сарказммен жауап берген болатын. «Сенің UFC-де алғашқы кездесуіңді менімен өткізгің келетіні мені қызықтырмайтыны есіңде болсын. Маған ұйым аясында бірнеше шайқасқа қатысқан тәжірибелі қарсылас керек. Мен ұйымға жаңадан келе салып, жалған аккаунттар арқылы жекпе-жекке шақыратындардың ұсынысын қабылдай салатындардың қатарынан емеспін»,-деп үн қатты Додсон твиттер арқылы Жалғасты одан бетер қайрап. Өз кезегінде Жалғас та қарап қалған жоқ.
«Джонни, мен UFC ұйымы ұйымдастырған шоулардың бірінде алғашқы кездесуімді өткізіп үлгерген адаммын. Сегізбұрышқа қайта шығуға дәл қазір тас түйін дайын екенімді мәлімдеймін. Ал, сен ше? Бәлкім саған жанкүйерлер дәл маған қолдау көрсеткендей ешқашан демеу болмаған шығар. Сондықтан да сен менің жалған аккаунтарым бар деп ойлауың мүмкін. Мен бұл спорт түрінде тәжірибесі аз, жаңадан келген жекпе-жек шеберлерінің қатарынан емеспін. Оны маған қарсы сегізбұрышқа шықсаң, толыққанды сезінетін, түсінетін боласың. Қаласаң тамаша шоу ұйымдастырайық. Әлде сен байырғы әдетіңе басып, шайқастан қашасың ба? Менің жекпе-жектерімнің бәрі – нағыз майдан. Егер сен дайын болсаң, сегізбұрышта кездесейік»-деді Жалғас Жұмағұлов америкалыққа қарата жауап жазып.
Иә, Жалғас Жұмағұлов маусым айында UFC ұйымымен бекітілген келісім-шартқа сәйкес алғашқы шайқасын өткізіп үлгерген болатын. Бразилиялық Раулиан Пайваға қарсы сегізбұрышқа шыққан қазақ спортшысы төрешілердің екіұшты шешімімен қарсыласына есе жіберген еді. Алайда сол шайқасты көрген көптеген мамандар Жалғастың қарсыласына жол бермегенін, қайта басым түскенін тілге тиек еткен-ді. Өз кезегінде Жалғас аталмыш кездесуден сабақ алғанын, келесі жекпе-жектерге бұрынғыдан да күшті дайындықпен кірісетінін жария еткен еді. Ал Жалғас Жұмағұлов жекпе-жекке шақырған Джон Додсон бүгінгі күнге дейін аса жеңіл салмақ дәрежесінде екі мәрте әлем чемпионы атағына үміткер болған. Алайда ол екі кездесуде де қарсыласына жол беріп, әлем чемпионы атағына қол жеткізе алмаған.