Спорт

Жуалылық спортшы Азия чемпионы атанды

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 68 медаль жеңіп алып, айтарлықтай нәтиже көрсетті.

Дубай қаласында жасөспірімдер арасындағы V Азия Пара ойындары өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Jambylinfo.kz

Ауқымды халықаралық жарысқа Азияның 45 мемлекетінен келген спортшылар қатысып, өзара мықтыны анықтады.

Жарыс қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасы 68 медаль жеңіп алып, айтарлықтай нәтиже көрсетті. Оның ішінде 25 алтын, 23 күміс және 20 қола жүлде бар. Осындай жоғары көрсеткіштің арқасында қазақстандық команда жалпыкомандалық есепте 5-орынға тұрақтады. Бұл – жасөспірімдер пара спортының елімізде қарқынды дамып келе жатқанын көрсететін маңызды жетістік.

Аталған дүбірлі додада ел намысын абыроймен қорғап, жүлдегер атанған спортшылардың қатарында Жуалы ауданынан шыққан Нұржауған Мұқатай да бар. Ол қол күресі спорт түрінен қарсыластарын айқын басымдықпен жеңіп, Азия чемпионы атанды. Жас спортшының бұл жетістігі – табандылық пен жүйелі дайындықтың нәтижесі.

Айта кетейік, Азия Пара ойындары жасөспірімдер арасында пара спортты дамытуға, ерекше қажеттіліктері бар жастардың әлеуетін ашуға бағытталған беделді жарыстардың бірі саналады. Жарысқа 45 елден 1300-ден астам спортшы қатысып, 11 спорт түрі бойынша 481 медаль жиынтығы сарапқа салынды.