Африкадағы ағартушы Айман

71

Орталық Африка Республикасы – Африка құрлығындағы ең кедей мемлекет. Тұрмысы жұпыны мемлекет болғанымен, табиғат ресурстары бар. ОАР астанасы Банги қаласындағы мектептердің бірінде отандасымыз Айман Мәмедалиева қызмет етеді. Бізге беймәлім Бангиге барып, ондағы қарадомалақтарды оқытып жүрген Айманмен арнайы хабарласып, әңгімеге тартқан едік.

 

– Елде жоғары санатты ұстаз қызметін атқарып жүрген Айманның Орталық Африкаға барып жұмыс істеуіне не түрткі болды деген сұрақ бәрімізді қызықтырады. Расымен жер шарындағы Еуразиядан кейінгі екінші үлкен материк – Африка континентіне отбасыңызбен бірге тұрақтауыңызға не себеп?
– Африка құрлығына жолдасымның қызмет бабымен көштік. Негізі, күйеуім екеуміз шетелде жұмыс істесек, ел көрсек, жер көрсек деген мақсатты көздегенбіз. Сөйтіп жүргенде Африкадан бір-ақ шықтық қой (күліп). Бүгінде осында жұмыс істеп жатқанымызға тұп-тура бір жыл толды. Жолдасым осындағы жалпы білім беру кешеніне басшылық етеді, ал мен сол мектепте сабақ беремін әрі кітапханада жұмыс істеймін.
– Білуімше, мамандығыңыз – қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімі. Бүгінде Орталық Африка астанасы Бангидегі сіз жұмыс істейтін мектепте қандай пәннен сабақ бересіз?
– Иә мен Жамбыл облысы, Жуалы ауданына қарасты Бақалы ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектепті бітірген соң, «Тараз-Ғасыр» колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алдым. Сосын осында Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде өз мамандығым бойынша бакалавриат, кейіннен Алматыдағы Сүлеймен Демирел университетінің магистратура бөлімінде оқыдым. Дәл осы оқу орнында оқып жүргенімде өз бетіммен ізденуге, әлденені зерттеуге, өз білгеніңді өзге біреуге үйретуге құлшынысым ашылып, өз мамандығыма басқаша көзқараспен қарай бастадым. Адамның өмірінде мамандығыңның ерекшелігін, оқудың қадірін түсіндіретін сондай бір кезең болады екен ғой.
Жалпы еңбек жолымды Тараз қаласында қыздарға арналған қазақ-түрік лицейінде бастағанмын, сосын бірнеше колледжде сабақ бердім. Негізі, мұғалім боламын деп, жүрмеген жерім, баспаған тауым жоқ, Жолдасым әртүрлі жұмыс, көп жағдайда мектеп директоры қызметін атқарған соң, тұрғылықты жерді жиі ауыстырдық, сөйтіп еліміздің бірнеше аймағындағы оқу орындарында ұстаздық еттім. Кейіннен жолдасым ойлана келе Орталық Африка мемлекетінің астанасы Банги қаласына жұмысқа орналасу туралы шешім қабылдады. Әркез оның шешімін жөн санайтын мен кезекті рет оның қасына еріп, осында отбасымызбен көшіп келуді ұйғардық. Келесі сұрағыңызда жолдасымның таңдауы неліктен Африкаға түскенін білгіңіз келіп отыр ғой? (күліп).

– Иә, соны сұрағым келіп отыр…
– Негізі кез келген адам қолайлы ортада өмір сүргенді қалайды ғой. Келбеті келісті, жағдайы жақсы жерге тез бейімделеді. Ал машақаты көп, қолайсыздық тудыратын жерге ешкімнің барғысы жоқ, қашқақтайды. Ал жүрексінбей, жасқанбай, қиын болса да, қасқайып, мұны еңсергісі келетін адамдар тіпті Орталық Африка секілді әлемдегі ең кедей елге барып, жұмыс істеп көру, қайырымдылық шараларын ұйымдастырудан тайсалмайды. Күйеуімді сондай адамдардың қатарына жатқызуға болады. Еш уақытта қиындықтан қашпайды, бөтен әрі қолайсыз орта болса да, өзі сол жерде өсіп-өнгендей, айналасына тез бейімделіп кетеді. Сол себептен де Африкаға барып, жұмыс істеп көргісі келді. Бізді осында көшіріп әкелмес бұрын, алдын ала өзі барып келді. Келген соң «Айтшы, қане, қандай ел екен?» деп қызығып сұрағанымда «Сөзбен айтып жеткізе алмаймын, мұны көзбен көру керек» деп тіс жармай қойды. Сөйтсем Африка секілді ерекше құрлықты мың рет естігенше, расымен көзбен бір рет көру керек екен. Жұмысымды сұрасаңыз, былтыр бастауыш сыныптарға сабақ бергенмін, биыл жоғары сыныбын қосып берді, мұнда оқушыларға шет тілдерінен сабақ беремін. Негізі, бастауыш сыныптарда жұмыс жетіп артылады, апта сайын әртүрлі іс-шаралар атқаруым керек. Мұндағы мектептерде француз тілінде оқытатындықтан, тілді түсіну жағынан сәл қиналатыным рас. Десек те қазіргі таңда жергілікті маманнан француз тілін үйреніп жүрмін. Бүгінде французша сөз құрайтын деңгейге жеттім. Негізі біз – қазақтың қыздары еті тірі жандармыз ғой (күліп). Кез келген істі дөңгелетіп алып кетуге әлеуетіміз жетеді.
Менің негізгі жұмысым кітапханамен байланысты, онда оқушыларға кітап таратамын, кітаптарды каталогтарға енгіземін, кітапхана ішін реттеймін. Сосын жазғы каникулда елге барған кезде Қазақстан мұғалімдері кеңінен қолданып жүрген, әсіресе әртүрлі ойындар, соның ішінде өзіміздің тоғызқұмалақ секілді ұлттық ойындар арқылы оқушының ойлау қабілетін дамытатын «ИнтелектУм» деген бағдарламаны алып келгенмін. Шынымды айтсам, осында келгелі ұстаз деген ғажап атқа ие екенімді түсінгендеймін. Елде жүргенде білінбеп еді, ал басқа елге келгенде өзімді шамшырақ екенімді сезініп, кабинеттен шыққаннан кейін, соңымда қалған қарадомалақтардың жүзіне шаттық үйіріп, жанарына от тұтатып, оларға бірнәрсе үйрете алғанымды байқағанда ерекше сезімге бөленемін. Сол себепті жоғарыда айтып өткен «ИнтелектУм» бағдарламасын тезірек мектеп бағдарламасына енгізіп, мұның осындағы балаларға да қызықты болады деп үміттеніп отырмын. Қазіргі таңда осы бағдарламаға арнайы кабинет жасақтап жатырмын, алдағы уақытта оқушыларды сол сыныпта оқытатын боламын. Мұнымен қоса сабақта ара-тұра қазақ тілін де қолданамын.
– Сыныпта қазақ тілін де қолданатыныңызды әлеуметтік желідегі парақшаңыздан үстіне қамзол киген оқушыңызға Абайдың өлеңін жатқа айтқызып қойғаныңыздан байқадық…
– Көрдіңіз бе? (күліп). Керемет айтып шыққан ғой, иә? Жалпы тіл маманы ретінде қазақ тілін өзге ұлтқа оқытқанды қызық көремін. Елде аталып жатқан Абайдың 175 жылдығы қарсаңында сондай идея туындап, сыныптағы оқушыма жаттатып қойдым. Әлеуметтік желідегі пікірлерге қарағанда, көпшіліктің көңілінен шыққан секілді.
Әлбетте қазақ тілін үйрету оңай емес, дегенмен үлкен сыныптың қыздары қазақша амандасуды жаттап алған, мені көргенде «Қалайсың?» деп амандасады (күліп). Олардың аузынан мұндайды естіген бір қызық, бірақ естіген сайын бір марқайып қаламын.

– Осы ретте өз балаларыңыздың жаңа ортаға қалайша сіңісіп кеткенін білгім келіп отыр. Оларға сыныптастарымен тіл табысу оңай болмаған шығар?
– Осында келіп, баланың жан дүниесі сондай кіршіксіз екенін тағы бір мәрте ұққандаймын. Баланың көңілі пәк болған соң, айналасын да солай таза көреді екен. Елде жүргенде олардың жеке бөлмелерін сәндеп, ішін түрлі құрал-жабдыққа толтырып, ең алдымен олардың жағдайын жасауға тырысамыз ғой. Жолдасым екеуміз қай қалаға көшсек те, өзімізден бұрын олардың қолайлы өмір сүруіне баса мән беретінбіз. Африкаға келген кезде өздеріне үйреншікті қолайлы ортаны іздеп, байбалам сала ма деп уайымдаған едік, сөйтсем, мұнымыз бекершілік екен. Бангиде біз тұрақтаған үйдегі жеке бөлмелерін көргенде: «Мынау қандай керемет бөлме!» деп қара төсек және бамбуктан жасалған шкаф орналастырылған кең бөлмені көріп мәз болып жүр. Бөлмелерінде басқа ештеңе жоқ, бірақ бала сол жерден әдемілікті көріп тұр. Жолдасым екеуміз олардың бұлай қуанғанына таңғалдық. Қазақстанда жүргенде оларға жағдай жасап, үлде мен бүлдеге орап, жүгіріп жүрсек, айналып келгенде олар қымбат дүниелерге мән бермейді екен.
Сосын Бангиде бала ойнататын жер жоқ, аттракцион былай тұрсын, тіпті көпшілік демалатын саябақ жоқ. Қазақстанда сауда орталықтарының ішіндегі балаларға арналған алаңға апарғанымызда ойын уақыты біткен соң, жылап, қайтқысы келмей, шу шығаратын. Ал қазір тіпті де олай емес. Екі ұлым жаңа ортаға тез бейімделіп кетті, себебі екеуі бастауыш сыныпта оқиды, еш жатырқамады. Келе сала, өздеріне дос тауып, тілді тез үйреніп алды.
– Ал қыздарыңыз ше?
– Қыздарым бой түзейтін жаста болғандықтан, оларға сәл қиындау болды. Әсіресе сыныптастарымен тіл табысуы оңайға түспеді. Мысалы мұндағы қыздардың шашы біздікіндей ұзын емес, қысқа, табиғаты тым басқа. Тіпті менімен қатарлас әйелдердің басым көпшілігі парик киіп жүреді. Қысқа шаштарын майдалап өріп алады. Ал менің екі қызымның шашы ұзын, сыныптастары шаштарын қолмен ұстап көргісі келеді. Қыздарым болса, шаштарын қайта-қайта ұстай берген соң, ыңғайсызданып, мұны құп көре бермейді. Мектепке шаштарын екі жаққа буып барса, сыныбындағылар мұны қызық көріп, қайшымен қиып көргісі келеді екен, ал қыздарым «Шашымды қиып тастады…» деп маған жылап келеді (күліп). Қыздарыма: «Олар бұрын-соңды мұндай нәрсені көрмеген. Жаман атты болмаңдар. Қазақтың қыздары мейірімді екен деген пікір қалсын. Олармен дос болуға, оларға жақсылық жасауға тырысыңдар» деп сабаққа көңілдендіріп, жігерлендіріп жіберемін. Алайда үлкен сыныпта оқитындардың басым көпшілігі қыздарыммен дос болғысы келмейді. Олар бастауыш сынып оқушылары секілді ақкөңіл емес, мінезді, сұсты келеді. Сосын қыздарымды ақ нәсілді деп өз орта­сынан бөлетін көрінеді. Олардың бұл қылық­тарын түсінуге болады, өйткені ежелден ақ нәсілділерден көп қиындық көрген олар біз секілділерге үрке қарайды, қабағын ашпай, суықтық танытады. Қыздарыма оларға кешіріммен қарауын өтініп «Ұзын шаштарыңа тиісетін болса, онда түйіп алыңдар» деп ақыл айтамын. Сөйтсем, Африкада шашты олай төбеге түю патшайымға ғана тән, жалпы мұндай шаш үлгісі менменшілдік, менсінбеушіліктің белгісі деген түсінік бар екен. Сабаққа шаштарын түйіп барса «Шашыңды неге олай жасап алдың? Бізді менсінбей тұрсың ба?» деп тағы тиісетін көрінеді (күліп).
Мұнда бір жыл оқыған қыздарым жазғы каникулда елге оралып, қазіргі таңда Таразда білім алып жатыр. Екеуі де өз күшімен оқуға түсуге бел буып отырған соң, Африкадан гөрі, елде дайындалған дұрыс болар деп, оларды Таразда оқытуды жөн көрдік. Дейтұрғанмен олар Бангидегі сыныптастарын ара-тұра сағынады, кеше екінші қызым «Сыныптастарымды суретке түсіріп жіберші, не істеп жатыр?» деп сұрайды. Мұндағы сыныптастары да олардың елден кететінін естіген кезде көңілі түсіп, кезінде қабылда­мағанына кешірім сұрап, қоштасқысы келмей, кетпеуін өтініп, жылап жүр (күліп). Қанша жерден бөтенсіп, шеттетіп, өз ортасына қоспай жатса да, үнемі қастарында жүрген соң, олар да біздің қыздарға үйреніп қалған ғой. Екі ұлдың өзі жасы кіші болса да, сынып­тастарын жақын тартады. Олармен бірге улап-шулап ойнайды, тіпті асханаға бірге барады. Қыздарым мұндағы мектеп асханасынан сол күйі тамақ іше алмай кетті. Ал ұлдарым керісінше асханаға жүгіріп, берген тамаққа сыныптасарымен жапа-тармағай таласа жеп, суды түбіне дейін қотара салады (күліп).

– Африка десе шөл дала, қарны аш бала, шаштарын өзіңіз айтқандай майдалап өріп алған әйелдер мен ошақ айнала билеген ер адамдар елестейді. Аталған құрлық расымен біз елестеткендей ме екен, әлде біз білмейтін қырлары көп пе?
– Жалпы біз тұрып жатқан Орталық Африка аймағы Африка құрлығына кіретін 54 мемлекеттің ішіндегі ең кедей мемлекет. Мұнда көп нәрсе дамымай қалғанымен, табиғаты әдемі, әрі күн анау айтқандай аптап ыстық емес, жаңбыр жиі жауады. 2 миллионға жуық адам тұратын Банги қаласы Африканың тропикалық аймағында орналасқан. Сәйкесінше айналамыз жасыл желекке толы, ал табиғаттың мұндай бояуына біздің көзіміз үйренбеген. Алғаш келген кезде айналам түгел жасыл түске боялғандықтан, көзім ауыратын, сөйтіп далаға көп шықпайтынмын. Мұнда жасыл болғанда да қою жасыл, біздегідей жасыл емес.
Жалпы Орталық Африканың халқы кедей болғанымен, мұнда адамдар аштықтан емес, жұқпалы аурудан қайтыс болады. Себебі мұнда жұқпалы ауруды жұқтыру қаупі басымырақ. Алғаш рет Банги әуежайынан түсіп, қалаға кіріп келе жатқан кезде қипалақтап, айтарға сөз таппай қалдым. Бала-шағамызбен көліктің терезесінен көшедегі көрініске қарап, көпке дейін үн-түнсіз отырғанымыз есімде. Кедей тұрмысты халықтың жұпыны тірлігін көріп қатты таңғалдым. Оның үстіне, өте арық, басы үлкен, мойындары жіңішке, қарындары қампиған, тозығы жеткен халықты көргенде жүрегің езіледі. Мұндай жоқшылықты өмірімде көрген емеспін, тіпті елде шалғайда тұратын ауыл тұрғындарының өзі бұлай өмір сүрмейді. Халық тұрмысы күрт нашарлаған сонау тоқсаныншы жылдардың өзінде қазақ елі мұндай жағдайды бастан өткермеген шығар, сірә. Білім саласының маманы болғандықтан, мектептеріне мән беріп жүремін. Қала бойынша біздің мектеп пен тағы бір білім ордасы ғана жақсы жасақталған, іші таза, аумағы кең. Ал басқалары әлеуметтік желідегі таныстарым жазғандай, қора іспетті салынған. Дегенмен бұл білдей бір мемлекеттің астанасы үшін қалыпты орын, жергілікті мұғалімдерге қара тақта мен бор болса болғаны, соның өзі оларға жеткілікті. Мұндағы мектептер елдегі секілді наурыздан тамыз айына дейін карантинге жабылды, десек те, онсыз да өте кедей тұратын адамдарды әрі дала жұмыстарын істеу арқылы нәпақасын тауып жеп жүрген тұрғындарды карантинге қайдан жапсын? Егер қала басшылығы карантин жарияласа, ел ішінде қылмыс көбейіп кететіні белгілі. Сол себепті қазір барлық өндіріс жанданып, Үкімет күнелтуге жағдай жасап отыр.
Тағы бір айта кетерлік жайт, мұнда үйлену үлкен қиындық тудырады, тұрғындардың көпшілігі азаматтық некеде тұрады. Тіл табыса алмай қалса, ажырасып, отбасын сақтап қалуға тырыспайды. Әйел байғұс баламен жалғыз қалып қояды немесе басқа ер адаммен бірге тұруды құп көреді. Түптеп келгенде әйелдің қоғамдағы рөлінің маңызы жоқ, тіпті менің әріптестерім – бастауыш мұғалімдерінің өзі ер адамдар. Дегенмен қандай қиындыққа тап болса да, африкалықтар – өте көңілді халық. Әсіресе, билегенде бидің түбін түсіреді. Дене бітімдерінің иілгіш келетіні соншалық, тіпті біз қанша тырыссақ та, олай иіле де, билей де алмаймыз. Бізде адам қайтыс болғанда жоқтау айтамыз ғой, ал мұндағылар мұндай қайғылы сәтте билейді. Жалпылама айтсам, қайғыда да, қуанышта та билей жөнеледі. Мұны біліп алған мен сабақ арасында оларды билетіп қоямын (күліп). Осылайша сабақпен орайластырып, әдіс ретінде қолданамын.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға «Ауылда жүргенде алманы менсінбеуші едік. Кеше екі дана алма сыйға келіп, жамырап бөліп жеп мәз болдық» деп жазғаныңызды оқып таңғалдым. Сіз тұрып жатқан аймақта расымен алма өспей ме?
– Иә, өспейді. Бангиден алма, жүзім, құлпынай секілді жемістерді көрмедім. Осында келгелі жеміс-жидектің түр-түрі бар екенін біліп жатырмыз. Біз біле бермейтін жеміс түрлері көп екен ғой (күліп). Бір қызығы мұндағы жеміс-жидектердің өзі маусым бойынша өседі. Мысалы, манго пісіп бітсе, авокадо өседі, одан кейін ананас, сосын кокос өсіп шығады. Бірде күйеуім базардан картоп іспетті жемістің бірнешеуін алып келді, әлгі жеміске қызыққан біз жапа-тармағай жеп, дәмін ерекше ұнаттық. Ертесі ұйқыдан тұрсақ, түгеліміздің тісіміз шықырлап тұр, сөйтсек кеше жеген жеміс тісіміздің эмаліне жағымсыз әсер етеді екен. Кейін белгілі болғандай, жергілікті тұрғындардың тіс құрылымымен салыстырғанда біздікі басқа екен. Байқағаным, мұндағы халықтың тісі көп ауыра бермейді, қалада бір-екі жерде ғана тіс емханасы жұмыс істейді, көп жағдайда олар тіс дәрігерінің қызметін керек етпейді. Содан кейін бәймәлім жеміс-жидек пен көкөністерді сатып алмайтын болдық.
– Соңғы уақытта Қазақстан азаматтарының Африканың суға зәру аймақтарына құдық қазып, қаражат жинап, қайырымдылық шаралар ұйымдастырып жүргені белгілі. Осындай іс-шараның басы-қасында өзіңізді де байқап қалдым. Мұндаймен айналысатын арнайы қор бар ма, әлде су тапшылығынан зардап шегіп отырғандарға көмектескісі келетін қазақстандықтар сіздерге хабарласа ма?
– Соңғы жылдары қазақстан­дықтардың көмегімен Африкада көп құдық қазылды. Африка тұрғындарының көп бөлігі суға мұқтаж екені ежелден белгілі. Кейбір жерді қанша қазсаң да, кір су шығады. Ал мұнысы ішуге жарамсыз, бұған қоса жағымсыз иісі бар. Негізі, осында «Дұға» деген қайырымдылық қор бар. Қайырымдылық жасағысы келетіндер сол қорға хабарласып, қазіргі таңда халыққа ең керегі – құдық қазуға көмектесу туралы ұсыныс айтады. Сосын біз құдық қазатын жерге халықты жинап, шашу шашып, ал балалар құттықтау айтады. Мұндай шараларды ұйымдастырғанымызға жергілікті тұрғындар ерекше қуанады, себебі су – олар үшін таптырмас байлық.
Қазақстанда су тапшылығын аса сезінбегендіктен, судың қадірін түсінбейміз. Ал мұнда жерден су шығару дегеніміз алтын тауып алғанмен тең. Дегенмен көп жерден сасық су шығады, олар сол суды алып, тұндырып ішеді. Бастапқыда біз де судан қиналғанбыз, кейіннен етіміз үйреніп кетті. Осы ретте айта кетерлік жайт, ауызсуға зәру африкалықтарды ойлап, құдық қазып беруге қол ұшын созған біздің қазақтардың жүрегі кең ғой. Жалпы бізде туыстық байланыс өте күшті. Мұнда біздегідей туыстық қарым-қатынас жоқ, әркім өзі үшін өмір сүріп жатыр. Жалпы мұнда құдықтан су шығарудан бөлек түрлі іс-шараларға да атсалысып тұрамыз. Мысалы Ораза кезінде де жиналған қаражатқа азық-түлік алып, көше-көшені аралап, жиналған жұртқа теңдей бөліп бердік. Жалпы Банги халқының тұрмыс-тіршілігі жайлы «Бізге беймәлім Банги» атты кітапта сипаттағанмын. Танымдық мақсатта жазылған бұл кітаптан оқырманның алары көп деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ,
халықаралық «TÚRKISTAN» газеті
5 қараша, 2020 жыл